Шымкент: Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған мерекелік концертте полицейлер қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқарды

Шымкент қаласында қазақ вальсінің королі, композитор Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған республикалық фестиваль ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шара композитор ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Оған шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты. Іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, өнерпаздардың орындауындағы сүйікті әндерін тамашалады.

Фестиваль аясында ұлттық мәдени мұраның қазынасына айналған Шәмші Қалдаяқовтың таңдаулы шығармалары орындалды. Композитордың әндерін еліміздің еңбек сіңірген әртістері Светлана Айтбаева, Жеңіс Ысқақова, Заттыбек Көпбосынұлы, Ақбота Керімбекова орындады.

Гала-концерт бағдарламасында Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының, Шымкент Жастар театрының және Орыс драма театрының әртістері, сондай-ақ Опера және балет театрының солистері өнер көрсетті. Сонымен қатар, “Шымкент концерт” ұйымының шығармашылық ұжымдары мен “Қазына” және “Яссы” танымал би ансамбльдері де өз өнерлерімен кештің ажарын аша түсті.

Фестиваль өскелең ұрпаққа Шәмші Қалдаяқовтың музыкалық мұрасын насихаттауға бағытталған қаланың мәдени өміріндегі маңызды оқиға болды.

Орайы келгенде айта өтейік, Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты №2 кітапхана бөлімшесінде қазақ вальсінің королі атанған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-әуенді кеш ұйымдастырылды. Рухани-танымдық бағыттағы іс-шараның мақсаты – сазгердің мәдени мұрасын кеңінен насихаттап, жас буынға ұлттың өнер қайраткерлері туралы терең мағлұмат беру.

Кешке қаланың зиялы қауымы мен ардагерлері, атап айтқанда, Славян этномәдени бірлестігінің мүшелері, Шәмші Қалдаяқовтың туған қарындасы Райхан Қалдаяқова, Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері, полковник С.Мещанов, Оралхан Қожамжаров, И.Аманқұлов, Қ.Тұранов және көпшілік оқырмандар қатысты.

Шара барысында композитордың өмір жолы мен шығармашылығын қамтитын тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме аясында оқырмандар назарына сирек кездесетін фотоматериалдар мен басылымдар, сондай-ақ өнер иесіне арналған естеліктер ұсынылды.

Іс-шара аясында Шымкент қаласының этномәдени бірлестіктері жанынан құрылған «Светоч» хорының өнерпаздары Шәмші Қалдаяқовтың кеңінен танымал әндерін орындап, кешке ерекше атмосфера сыйлады. Композитордың шығармаларына деген көпшіліктің ықыласы оның ұлт мәдениетіндегі орнының биіктігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Аталған іс-шара барысында Шымкент қаласының Полиция департаменті мен Патрульдік полиция полкі қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқарды.

Тәртіп сақшылары концерт өтетін аумақ пен оның маңайында жаяу және автокөлік патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың қауіпсіздігін бақылауға алды. Сондай-ақ, жол қозғалысын реттеу, автотұрақ аумақтарындағы тәртіпті сақтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында тиісті шаралар қабылданды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You