
Шымкент қаласы Еңбекші ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстарды болдырмау және оларды алдын алу мақсатында һәм «Қолжетімді полиция» концепциясы аясында аудан аумағында жалпы 6 дана «SOS батырмасы» (SOS кнопка) орнатылды.
Атап айтқанда, «Қазақстан-Түркия достығы саябағы», «Фиркан Сити сауда орталығы», «Туран сауда орталығы», «Мирас сауда орталығы», «Береке сауда орталығы» және «Жеңіс саябағы» мекенжайларында «SOS батырмасы» (SOS кнопка) орнатылып, Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына интеграцияланып қосылды. «Бұл технология көмегімен кез келген азамат аудио және бейнежазба арқылы полицияға хабарлама қалдыра алатынын хабарлаймыз», — дейді тәртіп сақшылары.
Бұдан бөлек Шымкент қаласының ЭҚҚБ қызметкерлері экстремизмге қарсы іс-қимыл бағыты бойынша «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Рейд барысында «Гарант» сауда орталығы маңында ұялы телефондарды сатумен айналысқан 46 азамат анықталып, полицияға жеткізілді. Олардың ішінде алтауы — кәмелетке толмаған жасөспірім. Барлық азаматтардан дактилоскопиялық саусақ іздері алынды.
20 азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Аталған жедел профилактикалық іс-шараға ҚР Шымкент қаласы Дін істер басқармасының Теолог мамандары да жұмылдырылып, жеткізілген азаматтармен сұхбат жүргізілді.
Сонымен қатар Шымкент қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Аталған шара 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Іс-шараның негізгі мақсаты — жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын болдырмау, қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою. Полиция қызметкерлері көлік жүргізушілерінің жол ережелерін сақтауын қатаң бақылауға алып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, рейд барысында құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданатын болады. Полиция департаменті тұрғындарды жолда мұқият болуға, ережелерді сақтауға және қауіпсіздік мәдениетін арттыруға шақырады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
