
Бүгін Шымкенттегі Достық үйінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жомарт жан» жобасы аясында «Мектепке жол» акциясын бастады. Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, кәсіпкер А.Халназаровтың тікелей атсалысуымен акция аясында әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан 100 оқушыға 1,5 миллион теңгенің мектепке қажетті оқу құралдарын (сөмке, дәптер, пенал, түрлі-түсті қалам, қаламсаптар және т.б.) табыстады.
Игі іс-шараға қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Тахирбек Нишанбаев, қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Арипджан Халназаров және «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов қатысып, оқушылардың білім алуына қажетті керек-жарақтарын үлестірді.
Аталған акцияны Ассамблея алаңында ұйымдастырған жауаптылардың айтуынша, бұдан бөлек, қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі бастауыш сыныптарға баратын 32 бүлдіршінді қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етуді өз жауапкершілігіне алса, қалалық этномәдени бірлестіктердің белсенділері Шымкенттің 13 нүктесінде дәл осы мақсатта қайырымдылық іс-шарасын өткізіп, 6 миллион теңгенің заттарын аз қамтылған, әлеуметтік осал топтар мен көп балалы отбасылардан шыққан балаларға таратуда.
Айта кетейік, Шымкент қалалық ҚХА мүшелерінің қолдауымен «Мектепке жол» акциясы аясында жалпы, 7,9 миллион теңгенің көмегін шымкенттік 532 оқушыға табыстады.
Сонымен қатар бүгін Шымкент қаласындағы орталық мешіт пен қалалық «Зекет» қорының ұйытқы болуымен де «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өткізілді. Қайырымдылық іс-шара барысында қаланың бас имамы Бақдәулет қажы Нұрматұлы сөз сөйлеп, көмекке зәру 500 оқушыға мекепке қажетті құралдарын табыс етті.
Қайырымдылық акцияның негізгі мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептермен мектептен қалып қоятын балаларға көмек көрсету. Акция барысында балалар мектеп формасы мен сөмке, дәптер, қалам, т.б. заттармен қамтылды.
Осы орайда, бір айға созылған «Мектепке жол» қайырымдылық іс-шарасы қала деңгейінде жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің мәліметінше, іс-шараның қорытындысы бойынша қала көлемінде 3600 отбасыға құны 7 805 100 (жеті миллион сегіз жүз бес мың бір жүз) теңге көлемінде көмек көрсетіледі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
