
Шымкент қаласы Полиция департаменті өңірде “Заң мен тәртіп” қағидасын қамтамасыз ету, есірткінің заңсыз айналымымен байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесу және нашақорлықтың алдын алу бағытында жұмыстарды жалғастыруда. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының 1-орынбасары Құрманбек Сахов мәлімдеді.
Тарқата айтсақ, биылғы 9 айда полиция қызметкерлері тарапынан есірткіге қатысты жалпы 443 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде, 79 — есірткіні сату, 14 — аса ірі мөлшерде сақтау, 32 — есірткі өсімдіктерін егіп-өсіру, 5 — жарнамалау және насихаттау, 310 есірткі теріс қылықтары бар.
Заңсыз айналымнан 350 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Оның 30 келіге жуығы — синтетикалық есірткілер.
Мониторинг нәтижесіне сәйкес есірткі саудасына қатысты және есірткі қылмысына қатысуға тартатын 1628 интернет сайт, әлеуметтік желі парақшалары мен мессенджерлік каналдар анықталып, бұғаттауға енгізілді.
Сондай-ақ, интернет желісінде қылмыстық әрекеттерде пайдаланылған 1710 банк есепшоты анықталып, барлығы бұғатталып, жалпы 47 миллион теңге заңсыз қаражатқа шектеу қойылды.
Мәселен, 2023–2024 жылдар аралығында «А» есімді азамат басшылық еткен қылмыстық топ «Telegram» әлеуметтік желісі арқылы аса ірі көлемде психотроптық заттарды заңсыз дайындап, сақтап, сатып келген. Топ мүшелері Шымкент қаласында есірткі зертханаларын ашып, прекурсорларды пайдалану арқылы есірткі заттарын өндірумен, сатумен айналысқан.
Арнайы операция жүргізу барысында қылмыстық топтың 4 мүшесі ұсталып, олардан 3 келіден аса психотроптық заттар, зертхана жабдықтары мен қаражаттар тәркіленді.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 19 қыркүйектегі үкімімен аталған азаматтар қылмыстық топ құру және оған қатысу, сондай-ақ аса ірі көлемде психотроптық заттарды сату, дайындау, өңдеу және сақтау, қылмыстық жолмен келген мүлікті заңдастыру фактілері бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылдан 15 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
P.S. ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірханның сөзіне сүйенсек, ел бойынша биыл 9 айда 6 мыңнан астам есірткіге қатысты қылмыстық құқықбұзушылық анықталды, оның ішінде шамамен 3 мың қылмыс тіркелсе, оның 1 700-і есірткі сату фактісі тіркелді. Заңсыз айналымға 26 тоннадан астам түрлі есірткі түрлері, соның ішінде бір тоннадан астам синтетикалық заттардың түсуіне жол берілмеді. Бұл 11 миллионнан астам бір реттік дозаға тең. Осылайша миллиондаған азаматтардың денсаулығы мен мыңдаған отбасылардың тағдыры қорғалды. Мақсатты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 16 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды, оның бесеуі трансұлттық сипаттағы топқа жатады.
Комитет төрағасының айтуынша, осы топтардың басшылары мен белсенді қатысушылары ұсталып, 950 келіден астам есірткі тәркіленді. Сондай-ақ 12 синтетикалық есірткі өндіретін зертхананың және 93 каннабис өсірілетін фитозертхананың қызметі тоқтатылды. Есірткі өндіруге пайдаланылған 23 тоннадан астам химиялық заттар мен 17 тонна прекурсор тәркіленді. Бұдан бөлек, есірткі жарнамасына қатысты 170 қылмыстық іс қозғалып, күмәнді операцияларға қатысы бар 45 мыңнан астам банк шоты бұғатталды. Тұтастай алғанда, бұл шамамен 2,5 миллиард теңгені құрайды. Есірткі жолына түскен әрбір адам бір нәрсені анық түсінуі тиіс: еш уақытта жазадан құтылу мүмкін емес.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
