
Шымкент қаласы Полиция департаменті «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында «Заң және Тәртіп» қағидаты негізінде есірткі қылмысына қарсы күресті белсенді түрде жалғастырып келеді.
Мәселен, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қала аумағында синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысқан екі шетел азаматын ұстады. Жалға алынған автокөлікті тексеру барысында сатуға дайын күйде оралған «мефедрон» психотроптық заты салынған 22 пакет тәркіленді. Бұдан бөлек, күдіктілер алдын ала дайындап қойған жасырын орындардан тағы 46 есірткі орамасы табылды. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 200 грамнан асты.
Есірткі қылмысына қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, жедел іс-шаралар аясында Түркістан облысының 20 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның күртешесінен сатуға арналған шамамен 70 грамм «мефедрон» табылды.
Одан бөлек, қыркүйек айында аса ірі көлемде психотроптық заттарды таратумен айналысқан жергілікті тұрғын да ұсталды.
Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері басталды.
Шымкент қаласы Полиция департаменті есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен сол тектестердің заңсыз айналымы үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Полицейлер қылмыспен күрестен бөлек жас сақшыларды тәрбиелеуді де ұмыт қалдырған емес. Айталық, Шымкент қаласындағы «Металлург» стадионында «Жас сақшы» және «Жас динамо» кадет сыныптары арасында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Кубогына арналған шағын футболдан республикалық турнир өтті.
Салтанатты шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген 200-ден астам жас сақшылар қатысты. Турнирдің негізгі мақсаты жас ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау және патриоттық тәрбиені нығайту болып табылады.
Турнирді «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков спорттық шараның ресми ашылуымен құттықтап, жас спортшыларға қолдау көрсетті.
Шара №45 мектеп-гимназиясының оқушылары орындаған әсерлі барабан шоуымен басталды. Сондай-ақ, авиа модельдеу бойынша спортшыларымен аэрошоу қойылып, көше гимнастикасы – воркаут бойынша халықаралық турнир жүлдегерлері өнер көрсетті. Бейбітшілік пен достықтың символы ретінде көкке ақ көгершіндер ұшырылды.
Жарыстың қорытындысына сәйкес төртінші орын — Түркістан облысына, үшінші орын — Ақмола облысына, екінші орын Жетісу облысына бұйырып, Астана қаласының жас сақшылары чемпион атанды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир еліміздің болашағы саналатын жас буынға спорт арқылы тәрбие беріп, еліне деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
