Шымкентте кейінгі үш жылда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында 170-тен астам жаңа нысан салынған

Loading

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды басқарудың жаңа моделін қалыптастыру міндетін қойды. Осы тапсырма аясында «AMANAT» партиясы тұрғын үйлерді тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға, тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы өзара сенімді нығайтуға және саладағы ашықтықты арттыруға бағытталған «TURGYNDAR AMANATY» жобасын іске асыруда. Аталған жоба аясында Шымкент қаласында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты форум-семинар ұйымдастырылды.

Жиын барысында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев «TURGYNDAR AMANATY» жобасының мән-маңызына тоқталып, оның аясында жүзеге асырылатын нақты бастамаларды атап өтті.

«Елімізде Президент тапсырмасына сәйкес, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қоғам үшін стратегиялық маңызға ие реформалар жүйелі жүзеге асырылуда. Себебі бүгінде азаматтарды толғандырып отырған көптеген мәселе дәл осы салаға қатысты. Аула тазалығы, лифт жұмысы, жарықтандыру, қауіпсіздік, интернет сапасы, тұрғын үйлердің жай-күйі – мұның барлығы халықтың жайлы өмір сүруіне тікелей әсер ететін факторлар. Бұл саладағы мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Сондықтан партия азаматтардың сұранысы негізінде нақты жұмыс істейтін «TURGYNDAR AMANATY» жобасын қолға алды», – деді партия Хатшысы.

Сондай-ақ Ержан Жылқыбаевтың мәлімдеуінше, партияның мәслихат депутаттары тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, көтерілген мәселелерді жергілікті атқарушы органдар деңгейінде шешуге ықпал етпек. Бұдан бөлек партия филиалы мен тұрғын үйлерді басқарушы ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту үшін арнайы меморандум әзірленеді.

Өз кезегінде халық қалаулысы Болатбек Нажметдинұлы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы реформалар кезең-кезеңімен жетілдіріліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістер тұрғындардың, МИБ, ПИК және басқарушы компаниялардың нақты ұсыныстары негізінде қабылдануда.

«Біздің басты мақсатымыз – көпқабатты тұрғын үйлерді басқарудың ашық әрі тиімді жүйесін қалыптастыру. Тұрғындар жиналған қаражаттың қайда жұмсалатынын нақты біліп, басқару процесіне тікелей қатысуы қажет», – деді депутат.

Жиын барысында партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Шымкент қаласында атқарылған жұмыстарға да ерекше назар аударылды. Кейінгі үш жылда өңірде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында 170-тен астам жаңа нысан салынған, сондай-ақ 49 саябақ және 437 балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілген. Бұдан бөлек 71 көпқабатты үй күрделі жөндеуден өткен. Биыл тағы 16 көпқабатты үйді жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

Іс-шара соңында «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында белсенді жұмыс істеген бірқатар азамат «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You