
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және өзекті мәселелерді талқылау мақсатында «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.
Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Сұлтан Абзалұлы Қабыл, Дін істері басқармасы жанындағы Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Алихан Дилмуратұлы Шамуратов, Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Сәбит Төлепбергенұлы Төлегенов, аудан прокуратурасының прокуроры Асқар Тұрдымұратұлы Алимбеков, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері, генерал Ақжігіт Қалтайұлы Исабеков қатысты.
Кездесу барысында жастарға құқықбұзушылықтың алдын алу мен лудомания, интернет алаяқтық және кереғар діни ағымдардың зардаптары жөнінде жан-жақты мәлімет беріліп, олардың алдын алу жолдары түсіндірілді.
Бұдан бөлек Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде де ақпараттық қауіпсіздік пен цифрлық сауаттылыққа арналған кездесу өтті.
Естеріңізде болса, 2024 жылғы 22 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолдауымен «Ұлттық төлемдер корпорациясы» АҚ бастамасымен іске қосылған Антифрод-орталық аясында студенттерге арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылуда. Аталған шараның басты мақсаты қаржы нарығы қатысушылары арасындағы деректер алмасуды жолға қою арқылы алаяқтық фактілердің алдын алу, күмәнді транзакцияларды уақытылы анықтап, азаматтардың қаражатын қорғау болып табылады. Осыған орай университетте өткен шарада студенттерге кибергигиена, цифрлық және қаржылық қауіпсіздік негіздері түсіндіріліп, жастардың алаяқтық схемалардан қорғану дағдыларын жетілдіру жолдары қарастырылды.
Жиынды тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Б. Садыков ашып беріп, арнайы шақырылған қонақтармен таныстырды. Шараға Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты С. Қабыл, Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Психологиялық көмек, күйзелістің алдын алу және жас отбасылармен жұмыс бөлімінің басшысы Ж. Сайдахан, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Шымкент қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы С. Аталыкова, Алаяқтықпен күрес департаментінің бас маманы Ә. Қадыров қатысты.
Жиын соңында білім алушы жастар көкейлеріндегі сұрақтарды қойып, сала мамандарынан қанағаттанарлық жауап ала алды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
