ШЫМКЕНТТЕГІ АБАЙ АУДАНЫНДА БИЫЛ 29 КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛАДЫ

Абай ауданында былтыр 30 көше жарықтандырылды. Шара мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылды. Бұл туралы қала әкімінің тұрғындармен есепті кездесуінде аудан басшысы Б.Парманов мәлімдеді.

Аудан әкімі өткен жылдан бері орталық және әлеуметтік нысан орналасқан көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтып, был да осы бағыттағы жұмыстардың жүргізілетінін тілге тиек етті.

  • Биыл осы жоба аясында 29 көше жарықтандырылар болса, аудандағы жалпы 140 көшеде түнгі жарықшам болады. Сонымен бірге, жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында 2021 жылы 519 бейнебақылау камерасы қойылса, осы жылы тағы қосымша 250 камера қойылмақ,-деді Б.Парманов.

Айта кетейік, Қала әкімдігі бекіткен жобаға сәйкес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2021-2023 жылдары 312 көшені жарықтандыру жоспарланған болатын. Жобаның аясында 2021 жылы Шымкентте 136 көше жарықтандырылды. Солардың арасында шалғай елді мекендер мен шағынаудандардағы Гүлдала, Жоламан, Ағайынды Тәжібаевтар, Сыздықов, Егемен ел, Қазына, Әлмахан қажы және Жабай ата, Аргоферма Қарасу, Ақсуат секілді көшелерді атап көрсетуге болады.
Мұнан бөлек 30 көшедегі ескі жарық шамдар заманауи LED шамдармен алмастырылды. Шамы жаңарғандардың арасында Темірлан тасжолы мен Ю.Гагарин, Түркістан, Төле би секілді орталық көшелер де бар.
Жарықтандыру жұмыстары 2022 жылы да жалғасын табуда. Нақтырақ айтқанда, биыл 102 көше жарықтандырылады деп жоспарланған.
Жалпы, өткен жылдың қорытындысымен орталық маңызы бар 747 көшенің 356-сы жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызды құраған еді. Биыл атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде Шымкенттегі жарықтандырылған көшелердің саны 458-ге жетіп, қамту көрсеткіші 61,3 пайызға жетеді деп күтілуде. Жоспарға сәйкес, 2023 жылы тағы 106 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 70 пайызға ал, 2025 жылы 100% жеткізу көзделіп отыр.
Айта кетейік, қаладағы жарықтандыру желілері автоматтандырылған басқару жүйесіне қосылып жатыр. Диспетчерлік орталық арқылы қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғанын, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққанын көрсететін бұл жүйеге әзірге 40 көше қосылған. Жыл соңына дейін 100 көше қосылады деп жоспарланып отыр.

Ad Widget

Recommended For You