Қаратау ауданына қарасты Асар-2 елдімекенінде ауыз су (2-кезек) құрылысы жүргізілуде. Биыл 10 маусымынан басталған құрылыс жұмысының бүгінде 40 пайыздан астамы аяқталды. Яғни, жоспарланған 54,2 шақырымдық су құбырының 21,5 шақырымы тартылды.
Құзырлылар құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға береміз деп отыр. Нәтижесінде Асар-2 елдімекеніндегі 1000 тұрғын үй сапалы ауыз сумен қамтылады.
Бұл жұмыстар үшін 1,5 млрд теңге қарастырылған. Биылға 350 млн теңгесі бөлініп қойылды. Жылдың соңына дейін 300 тұрғын үй ауыз су жүйесіне қосылады.
– «Асар-2» елдімекенін ауыз сумен толық қамтасыз етуге 1,5 млрд теңге қаржы керек. Бүгінгі таңда бюджет жылдың басында бөлінетін болғандықтан, ауданды толығымен ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары уақытша тоқтап тұр. Алайда, ақшаны үнемдеп, тиісті жұмыстарды жүргізуге бағыттаудың тиімді тұстарын қарастырамын. Бұл мәселе келесі жылы толық шешімін табады» – деді Мұрат Әйтенов.
Әкім сала басшысына ауыз су жүйесін тартудың жоспарын қайта қарап шығу жөнінде нақты тапсырма берді.
Ал, сапалы электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы биыл басталып, 2023 жылы аяқталады.
Сонымен қатар, шағын аудандағы Нұрлы жол және №4 көше жарықтандырылады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99%-ды құрайды. Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады. Қорыта айтқанда қазір қаладағы 81 елді мекеннің 78-і су құбырларымен қамтылған. Ал 3 елді мекенге ауыз су кестемен беріледі, 7 елді мекеннің тұрғындары ауыз суды тасымалдап ішеді екен. Өткен жылдың соңына дейін 3 магистралді, 11 ішкі орамдық су жүйелерінің құрылыстары аяқталған. Нәтижесінде су тасымалына тәуелді және ауыз суы кестемен берілетін 9 елді мекен ауыз суға қол жеткізді. Жауаптылар 2023 жылы Шымкент қаласында ауыз су мәселесі толықтай шешіледі сендіріп отыр. Осылайша Қазақстандағы үшінші мегаполис атанған Шымкентте инфрақұрылым мәселесі шешімін тауып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып алдағы жылдары қала тұрғындары тіршілік нәрімен толық қамтылатын болады.