Шымкенттік полицейлер ұстаздарға алғыстарын білдіріп, ардагерлерге құрмет көрсетті

Ұстаздар күніне орай Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері өздері білім алған мектептеріне арнайы барып, ұстаздарына алғыстарын білдірді.

Бұл игі шараның мақсаты – жас ұрпақты тәрбиелеп, өмір жолына бағыт-бағдар берген ұстаздарға құрмет көрсету, сонымен қатар жас буынға үлкенді сыйлау, тәлім-тәрбие мен адамгершілікті насихаттау. Полиция қызметкерлері ұстаздарымен емен-жарқын әңгімелесіп, мектеп қабырғасындағы естеліктерімен бөлісті. Ардақты ұстаздарға гүл шоқтарын ұсынып, олардың еңбегін бағалап, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Патрульдік полиция полкі басшылығының айтуынша, ұстазға деген құрмет – әрбір азаматтың борышы. Себебі, ұстаз – жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып қана қоймай, отансүйгіштікке, адалдыққа, тәртіпке баулиды. Ал бұл қасиеттер болашақ полицей мамандарының кәсіби жолында айрықша маңызға ие.

Шара соңында ұстаздар шәкірттерінің жетістіктеріне қуанып, олардың ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігі жолындағы адал еңбектеріне сәттілік тіледі.

Ұстаздар күні – бұл білімнің бастауы саналатын ұстаздарға құрмет көрсетіп, олардың еңбегін ерекше атап өтетін күн.
Ұстаздар – білім мен бағыт-бағдар беретін, әрбір адамның арман-мақсаттарына жету жолында қолдау көрсететін тұлғалар.
Ұлағатты ұстаздар мерекесі қарсаңында Шымкент қаласы Полиция департаменті Абай ауданы Полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Қ.Миркасов Шымкент қаласынының А.Назарбеков атындағы №87 жалпы орта білім беретін мектебінің ұжымын кәсіптік мерекемен құттықтап, Алғыс хаттармен марапаттады.

Мұнан бөлек 1 қазан – Халықаралық қарттар күні Еңбекші аудандық полиция басқармасының жеке құрамы қарттар үйіне арнайы барып, ардагерлермен кездесті. Іс-шарада Еңбекші аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Алым Садыков қарияларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Ол: «Қарттарды құрметтеу – баршамыздың азаматтық әрі адамгершілік парызымыз», — деп ағынан жарылды.

Полиция қызметкерлері қарттарға құрмет көрсетті. Өз кезегінде ардагерлер ризашылықтарын білдіріп, ел тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшыларына ақ баталарын берді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You