Шымкенттік полицейлер киберқауіпсіздік пен есірткі тәуекелдері туралы кездесу ұйымдастырды

Шымкент қаласында 50 белсенді жасты жинаған «Болашағымыз – өз қолымызда» атты интерактивті кездесу өтті. Спикерлер — Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы өкілі Сұлтан Абзалұлы Қабыл мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл Бауыржан Қанатұлы Карбеков.

Бағдарлама барысында киберқауіптер мен есірткі тәуекелдері туралы сараптамалық баяндамалар оқылып, Алматы қаласындағы республикалық лагерьдің таныстырылымы жасалды. Сондай-ақ «Kahoot» ойыны мен квест ұйымдастырылды. Сөйтіп қатысушылар өзара еркін пікір алмасып, соңы пицца-патиға ұласты.

Кездесу «ASAA» ұйымының президенті, Шымкент қаласы полиция департаменті жанындағы нашақорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу кеңесінің төраға орынбасары және консультативтік-кеңесші органының мүшесі Данара Саранованың бастамасымен өткенін атап өткен жөн. Кездесуді қолдағандардың да атын атап, түсін түстей кетсек. Олар — Шымкент қаласы Полиция департаменті, «Deutsche Gesellschaft für Internationale Zusammenarbeit (GIZ) GmbH», Жастар ресурстық орталығы және «ASAA» волонтёрлері.

Бұдан бөлек «Мирас» университетінде де “Жағымды орта – жарқын болашақ кепілі” тақырыбында жастарға арналған психологиялық кездесу өтті. Кездесуге Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Сұлтан Абзалұлы Қабыл қатысып, жастармен ашық диалог орнатты.

Шара барысында кибербуллинг, интернет қауіпсіздігі және жағымды орта қалыптастыру жайлы мәселелер көтеріліп, студенттерге психологиялық қолдау мен пайдалы кеңестер берілді.

Тағы бір атап өтерлігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің нұсқауына сәйкес, Шымкент қаласы Абай ауданы аумағында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Іс-шара барысында пәтерлер мен жеке үйлер араланып, тұрғындармен профилактикалық әңгімелер жүргізіледі; Қоғамдық тәртіпті бұзған тұлғалар анықталады; Есепте тұрған тұлғалармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі; Рұқсатсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерге қатысты заң бұзушылықтар анықталады; Миграциялық заңнама талаптарының сақталуына тексеріс жүргізіледі.

Шымкент қаласы Әл-Фараби аумағында да «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, көпқабатты үйлердің әрбір пәтерін, аулаларды, жеке үйлерді аралап, онда тұрып жатқан адамдар жайлы ақпарат білу. Сондай-ақ, қару иелерін, ІІО-да есепте тұратын тұлғаларды тексеріп, заңсыз көші-қонның жолын кесу болып табылады. Айта кетейік, Шымкентте «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 қарашаға дейін жалғасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You