Шымкенттік полицейлер жастар мен жасөспірімдерге жарқын болашақ үшін саналы таңдау жасауды түсіндірді

Жастар мен жасөспірімдерге өмірлік маңызды шешімдерді қабылдауда саналы әрі дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығын түсіндіру мақсатында «Саналы таңдау – жарқын болашақ» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.

Мақсаты – жастар мен жасөспірімдерге өмірлік маңызды шешімдерді қабылдауда саналы әрі дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығын түсіндіру. Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Сұлтан Абзалұлы Қабыл қатысып, жастарға пайдалы ақпараттармен бөлісті. Сондай-ақ, жастарға болашақты дұрыс бағдарлап, табысты өмір сүру үшін жауапты қадамдар жасаудың қажеттілігі түсіндірілді.

Ал Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі қызметкерлері жасөспірімдер арасында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 11-сынып оқушыларына арнайы бейнероликтер көрсетті.

Оқушыларға жол қозғалысы кезінде сақтық шаралары, жаяу жүргінші мен жүргізушінің жауапкершілігі түсіндіріліп, түрлі өмірлік мысалдар келтірілді. Сонымен қатар, көлікте қауіпсіздік белдігін тағудың маңызы, жылдамдықты шектен асырмаудың және жолда мұқият болудың қажеттілігі айтылды. Аталған іс-шара жас буынның қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталған.

Мұнан өзге Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында балаларды тасымалдауға арналған «Газель» автокөлігінің жүргізушісінің заңсыз әрекетін анықтады. Ол көлік құралын басқара отырып, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шыққан.

Аталған дерек бойынша тәртіп бұзған жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Патрульдік полиция полкі жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады. Әсіресе, жолаушыларды, оның ішінде балаларды тасымалдау кезінде әрбір азамат заң талаптарын мүлтіксіз орындауы тиіс.

Сөз соңында атап өтер тағы бір ақпарат, 1 қазан — Қарттар күні мерекесінде Шымкент қаласы Полиция департаменті Тұран ауданы Полиция басқармасының жеке құрамы ұзақ жылдар бойы ерен еңбек еткен ардагердің үйіне арнайы барып, құттықтап қайтты.

Дана халқымыз «Қариясы бар елдің — қазынасы бар» деген. Тәртіп сақшылары өз саласында зор жетістікпен қызмет атқарып, абыроймен зейнетке шыққан қарттардың өнегелі өміржолы мен қажырлы еңбегін үлгі әрі өнеге деп біледі.

Айтулы мерекеде ардагерлер ішкі істер саласында қызмет атқарған уақытта бастарынан кешкен қызықты оқиғаларын баяндап, полицейлерге ақыл-кеңестерін бөлісті. Кездесу соңында ақсақал қызметкерлерге батасын беріп, ақ жол тіледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You