
Акция 3 қазан күні Әл-Фараби алаңында және 4 қазанда «Арбат» аллеясында өтеді деп алдын ала жоспарланды. Таңғы сағат 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін түрлі мәселелер бойынша Полиция департаментінің қызметкерлері азаматтарды қабылдайды.
Тұрғындар қызықтырған сұрақтарына жауап пен құқықтық кеңес алу үшін полицейлерге жүгіне алады.
Айта кетейік, бұл шара қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге, халықпен тиімді кері байланыс орнатуға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар, акцияға келіп қатысуға мүмкіндігі жоқ азаматтар 8 (700) 111 30 44 нөмірі арқылы өз сұрақтарын қоя алады.
Енді тарқата айтсақ, “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері 3 қазан күні Әл-Фараби алаңында «Жолда қабылдау» акциясын өткізді. Таңғы сағат 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін түрлі мәселелер бойынша Полиция департаментінің қызметкерлері жүзге жуық азаматтарды қабылдады. Тұрғындар қызықтырған сұрақтарына жауап пен құқықтық кеңес алды. Акцияның бірінші күнінде жүзге жуық азаматтарға құқықтық көмек көрсетілді.
Акция ертең, 4 қазан күні «Арбат» аллеясында өтеді.
Назар аударар тағы бір ақпар, Шымкент қаласы Патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары, полиция капитаны Төлеубек Арықбаевтың бастамасымен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында әлеуметтік желіге жарияланған құқық бұзушылық дерегі назарға алынды.
Аталған дерек бойынша полк қызметкерлері жедел әрекет етіп, құқық бұзушылар анықталып, заң талаптарына сәйкес оларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды.
«Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтардың әлеуметтік желілерде жариялануы полиция органдары тарапынан міндетті түрде қаралады. Мұндай фактілер бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, кінәлі тұлғалар жауапкершіліктен тыс қалмайды», — дейді тәртіп сақшылары.
Бұл бағыттағы жұмыстар «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау және жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
