
Тұран ауданының прокуратурасы мемлекеттік сатып алулар саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау аясында 61 миллион теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол бермеді.
Талдау жұмыстары барысында жергілікті атқарушы органның халықтың қатысуын мақұлдамай, сатып алу жоспарына ойын алаңының құрылысын негізсіз енгізгені анықталды. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген жергілікті бюджеттер жобасын әзірлеу қағидаларына сәйкес, жергілікті бюджеттердің жобасын әзірлеу процесі «Халық қатысатын бюджетті» іске асыруды қамтиды. Аудан прокуратурасының қадағалау актісі нәтижесінде жергілікті атқарушы органның сатып алу жоспарынан 61 миллион теңгеден астам сомаға бюджет қаражатының жұмсалуын негізсіз жоспарлау алынып тасталды, жол берілген бұзушылық үшін аудан әкімі аппаратының басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Аудан прокуратурасы мемлекеттің мүддесін қорғау және бюджет қаражатының нысаналы пайдалануын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастырады», — дейді жауаптылар.
Орайы келгенде шымкенттік полицейлердің нәтижелі тірлігі хақында да тоқтала кетсек. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің және Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының нұсқауына сәйкес, мал ұрлығына қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында Шымкент қаласы Полиция департаменті құрылымдары тарапынан арнайы топтар құрылды. Олар мал ұрлықтарының алдын алу және жолын кесу, тасымалданатын малдың кімге тиесілі екенін анықтау, мал және ет өнімдерін тасымалдауды жүзеге асыратын автокөліктерге және ет өнімдерін сату, сонымен қатар мал соятын жерлерде тексерістер ұйымдастырып жатыр.
Іс шара барысында 18 шаруа қожалығы және 64 ет сататын орын, 12 мал тасымалдаушы автокөлік және мал сою орындарына тексерулер жүргізілді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің барлық қызмет салалары мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмылдырылып, қарқынды жұмыс жасауға көшті. Сондай-ақ, ветеринария саласымен бірлесіп, құжатсыз төрт түлік малды тасымалдау фактілерін, мал союға және ет сатуға арналған тиісті сертификаттардың бар-жоқтығын анықтап, тексеріп жатыр.
Нәтижесінде, жалпы жыл басынан бері 147 әкімшілік хаттама толтырылған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
