28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі. Осы даталы күн қарсаңында Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов бірқатар журналистерді марапаттады.
Мерекелік іс-шара алдымен телевизия ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбекті 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Қала әкімі ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастырушы ғана емес, қоғамдық сананы қалыптастырушы сала екенін айтты.
— Ақпарат құралдары – бұл үлкен күш. Қаламның ұшын, сөздің күшін дұрыс пайдаланса, ұлтты ұйыстырып, жасампаздыққа жол бастай алады, ал бұрыс пайдаланса, қоғамды дүрліктіріп, қоғамдық-саяси ахуалды қиындатып жібере алады. Шымкентте жұмыс істейтін 170-тен аса ақпарат құралы билік пен қоғамның арасында ортасына алтын көпір бола бермек деген сенімдемін. Қала игілігі үшін бірлесе жасайтын жұмыстар жалғаса береді. Қаланың жетістігі – әрбіріміздің жетістігіміз, — деді М.Әйтенов. БАҚ үздіктері 13 номинация бойынша марапатталды. Атап айтар болсақ, ұжымдық жұмыс бойынша «Шымкент келбеті» — «Панорама Шымкента» газеттері «Үздік мерзімді басылым», «Оңтүстік» телеарнасының «Көзқарас» ток-шоуы «Үздік телебағдарлама», «Отырар» телеарнасының «Халық пен билік» бағдарламасы «Үздік репортаж», «Ақылдым» балалар журналы «Дарынды болашақ», «Дидарбек» ақпараттық порталы «Блогсфера үздігі», «Смарт-топ.kz» ақпараттық порталының «QazNet үздігі», «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті «Үздік медиа-профи» номинациясын иеленді. Ал, «Айғақ» телеарнасының редакторы Ұ.Наушабаева «Үздік редактор», «Нар-тв» телеарнасының тілшісі Н.Пайзов «Үздік тележүргізуші», «Рейтинг» газетінің тілшісі А.Есімбай «Ұшқыр қалам», Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Мамыров «Үздік баспасөз хатшысы», Шымкент қаласы әкімі баспасаөз қызметінің фотографы Б.Сейтжаппар «Объектив», Қ.Момынхан «YouTube канал» номинациясымен марапатталды. Айта кетейік, әуелі бұл мейрам Журналистика күні деген атаумен 10 мамырда аталып өтетін еді. Кейін атаулы күн Қазақ КСР-нің «баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңы қабылданған күнге орай 28 маусымға ауыстырылды.
«Anyq.kz» — ақпарат