
Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Құмкент ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті. Алдымен округ әкімі Ерзат Балықбаев тұрғындарға ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстар туралы кеңінен таныстырды.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы кездесуде тұрғындармен ашық пікір алмасып, аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен жоспарлар жөнінде хабарлады. Әрбір бастаманы халықтың пікірін ескере отырып іске асырылатынын атап өтті. Тұрғындар ауылдың көркеюі жолында жасалып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары қатысты. Жиын соңында бірқатар тұрғындар жеке мәселелері бойынша қабылдауда болды.
Биыл Құмкент ауылдық округінде 20-ға жуық әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Құмкент ауылында Абай және Есіркепұлы көшелері, сондай-ақ Қызылқанат және Жамбыл көшелері асфальтталып, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қызылкөл елді мекенінде Шоқан Уәлиханов және Ш.Беркінбаев көшелері асфальтталды.
Сонымен қатар, Құмкент ауылында жабық шағын футбол алаңының құрылысы жалғасуда, нысан жақын күндері пайдалануға беріледі. Ауыл қарияларына арналған «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» орталығы ашылмақ. Орталыққа арналғар нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құмкент және Қызылкөл елді мекендерін жарықтандыру жұмыстары толық аяқталды.
Биыл ауылдағы Берденұлы, Жылыбұлақ және Тасарық көшелерінде, сондай-ақ Қызылқанат пен Қызылкөл елді мекендерінде бірнеше жаңа балалар ойын алаңдары салынды. Құмкент ауылындағы Жастар саябағы жаңартылып, 600 шаршы метр аумаққа тротуарлық тастөсем (брусчатка) төселді. Сонымен қатар ауыл көркін арттыру мақсатында «Ұлы Жібек жолы керуені» ескерткіші орнатылып, Воркаут (Workout) алаңдары мен шағын сәулеттік пішіндерге арналған жабдықтар қойылды. Жыл соңына дейін Құмкент және Қызылкөл елді мекендерінен тағы екі жаңа балалар ойын алаңының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.
Құмкентте әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр
Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Құмкент ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын бақылауына алды.
Сапар барысында аудан басшысы Қызылкөл елді мекеніндегі Мұхтар Әуезов атындағы шағын жинақты мектепке жеке инвестор есебінен салынып жатқан қосымша жайдың құрылысымен танысты. Жалпы аумағы 288 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимаратта мәдени іс-шаралар өткізуге арналған зал, шеберхана, жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлеріне арналған бөлмелер қарастырылған. Бұл елді мекен тұрғындарының көптен күткен қуанышты жаңалығы. Бұған дейін аудандағы 34 мектептің барлығы дерлік типтік үлгіде болса, Қызылкөл елді мекеніндегі оқу орны ғана ыңғайластырылған нысанда жұмыс істеп келген.
Сондай-ақ аудан басшысы Құмкент ауылында салынып жатқан жабық шағын футбол алаңының құрылысын және «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығына бейімделіп жөнделіп жатқан ғимаратты аралап көрді. Орталықта спорттық жаттығулар, зияткерлік және рухани шаралар өткізуге жағдай жасалмақ.
Жаңа нысандар іске қосылған соң бірнеше ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылып, ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылым айтарлықтай жақсарады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
