
Бүгін аудан орталығында 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерекесі қарсаңында күрделі жөндеуден өткен «Достар» стадионы пайдалануға берілді. Жаңартылған нысанның құрылысы тұрғындар сұранысына орай жүзеге асырылды.
Стадионның ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, нысанның маңыздылығына тоқталды.
– Биыл ауданымызда спорт саласы ерекше қарқынмен дамуда. Барлық ауылдарда балалар ойын алаңдары мен футбол алаңшалары ашылып, жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасалуда. Ал бүгін міне, аудан орталығындағы «Достар» стадионы қайта жаңғыртылып, халық игілігіне беріліп отыр. Бұл жер жасөспірімдеріміздің денесін шынықтырып қана қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастырып, жаңа жетістіктерге бастайтын орынға айналатынына сенімдімін, – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Жиында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, сондай-ақ спорт ардагерлері Тобақабыл Өмірзақов пен Анарбай Шәдібеков сөз сөйлеп, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
Жаңарған стадионда 450 орындық көрермендер алаңы, жүгіру жолағы, стандартқа сай үлкен футбол алаңы, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған кабинеттер, бұған қоса спортшылардың киім ауыстыруы мен жуынатын арнайы бөлмелері қарастырылған.
Ашылу салтанатынан кейін «Созақ спорт клубы» мен аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жолдастық кездесу өткізіп, спортшылардың өнерін көпшілік тамашалады.
Әңгіме спорт туралы өрбігінде айта өтейік, күні кеше Қаратау ауылдық округіне қарасты Ақсүмбе елді мекенінде қос бірдей қуаныш орын алды. Ауылдың орталығынан балаларға арналған кіші футбол алаңы мен ойын алаңшасы ашылды. Дәл осындай балалар ойын алаңшасы Сарыжаз елді мекенінде де ел игілігіне табысталды.
Жаңа нысандардың ашылуына арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жергілікті тұрғындарды құттықтап, бұл бастама ауыл бүлдіршіндерінің бос уақытын тиімді өткізуіне мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
– «Балаларымыздың амандығы мен қуанышы біздің басты байлығымыз. Бүгін пайдалануға берілген спорт және ойын алаңшалары ауылдың көркін ғана емес, келешек ұрпақтың денсаулығын нығайтуға да қызмет етеді. Алдағы уақытта да елді мекендеріміздің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады»,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы жақын күндері Ақсүмбе ауылына кіре берістегі 12 шақырымдық аудандық маңызы бар жолдың да құрылысы басталатынын тілге тиек етті.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады. Ауыл ақсақалдары игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Қуанышты шараның куәсі болған ауыл бүлдіршіндеріне балмұздақтар таратылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
