
Бүгін «Мыңжылқы» мәдениет үйінде «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұстаздардың дәстүрлі аудандық тамыз кеңесі өтті. Дәстүрлі түрде өткізілетін тамыз кеңесіне арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков барша ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады.
«Бүгін біз жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі тамыз конференциясында бас қосып отырмыз. Бұл басқосу – тек білім саласының мәселелерін талқылап қана қоймай, жас ұрпақтың болашағына бағыт-бағдар беретін үлкен жиын. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев республикалық тамыз конференциясында: «Білімді, білікті, дарынды ұрпақ – еліміздің ең үлкен байлығы. Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін тұлға. Сондықтан мұғалімнің мәртебесін арттыру, білім беру сапасын көтеру – мемлекеттің стратегиялық міндеті» деп атап өткен болатын. Бұл – барша ұстаздарға берілген әділ баға, әрі болашаққа деген зор сенімнің айқын көрінісі», — деген аудан басшысы өскелең жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі тың істерге тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Созақ аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Өтебаев хабарлама жасады. Білім саласы бойынша өткен оқу жылында жеткен жетістіктерді баяндап, биылғы оқу жылының ерекшеліктері мен өзекті мәселелерге тоқталды.
Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беріп отырған ұстаздарға ізгі тілегін арнады.
Кеңес барысында өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, жаңа 2025-2026 оқу жылындағы міндеттер айқындалды. Түркістан облысының білім басқармасының бас маманы Марина Жаңабаева хабарлама жасап, балалардың құқықтары мен мүдделерін жан-жақты ескеру және қауіпсіз орта құру сынды мәселелер жайында сөз қозғады. Білім сапасын арттыру, ауыл мектептерін жаңа деңгейге көтеру жөнінде де айтып өтті.
Бірқатар ұстаздар мен тәрбиешілер ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері белгісімен, облыс әкімі мен облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарымен, сондай-ақ аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың және білім бөлімінің марапаттарымен құрметтелді. Сонымен қатар кәсіподақ ұйымының үздік қызметкерлеріне төсбелгілер мен Құрмет грамоталары табыс етілді.
Салтанатты жиында ауданның Құрметті азаматы, дәстүрлі әнші Кенжебай Шал мен ұстаздар шығармашылық өнерлерін паш етті.
Шараға жиналған қонақтар «Мыңжылқы» мәдениет үйінде қойылған кітап көрмесін, жергілікті жастар құрастырған роботтар мен жобаларды тамашалады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
