![]()
Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, жаңа кәсіп бастауына мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» жобасы Созақ ауданында нақты нәтижесін көрсетіп келеді. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізген азаматтар өз ісін қолға алып қана қоймай, ауылда жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті жерде сұранысқа ие өнім шығаруға мүмкіндік алуда.
Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланғандардың бірі – Шолаққорған ауылының тұрғыны Раушан Бекболатқызы. Кәсіп бастауға деген ниетін нақты іске айналдырған ол биыл жыл басында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 10 миллион теңге несие алып, көптен бері ойында жүрген тігін өндірісін жолға қойды.
Кәсіпкер қаржыға көршілес мемлекеттерден көрпе тігу, көктеу және мақта түту жұмыстарына арналған заманауи лазерлік станоктар сатып алған. Осылайша Шолаққорғанда «Алуа» тігін цехының жұмысы басталып, ауылда шағын өндіріс қалыптаса түсті.
Бүгінде цехта бес жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда ұлттық нақыштағы қыз жасауы, көрпе-төсек жабдықтары және күнделікті тұрмысқа қажетті өзге де тігін бұйымдары әзірленеді. Өнімдер тапсырыс берушілердің сұранысына қарай дайындалып, сапа мен ұлттық нақышты ұштастыруға басымдық берілуде. Кәсіп иесі үшін бұл жоба тек қаржылай қолдау ғана емес, өз идеясын жүзеге асыруға берілген нақты мүмкіндік болды.
«Халықтың сұранысына сай өнім шығаруға басымдық беріп отырмыз. Қазір тапсырыстарды сапалы әрі уақытылы орындауға көңіл бөлудеміз. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін көбейтуді және қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз», – дейді Раушан Бекболатқызы.
Ауылдағы осындай шағын өндірістердің көбеюі жергілікті экономиканың жандануына да ықпал етеді. Бір кәсіптің ашылуы бірнеше адамды жұмыспен қамтып, тұрғындардың күнделікті тұтынатын тауарларын өз ауылынан алуға жағдай жасайды. Бұл – ауыл кәсіпкерлігін дамытудың және тұрғындардың табысын арттырудың тиімді тетіктерінің бірі.
Созақ ауданында «Ауыл аманаты» жобасының басты мәні де — осында. Мемлекеттік қолдауды нақты іске бағыттап, кәсібін дөңгелеткен азаматтар ауыл экономикасына өз үлесін қосып келеді. Ал Раушан Бекболатқызының тігін цехы – жеңілдетілген қаржының кәсіпке ұласқан, еңбекке жаңа мүмкіндік берген нақты мысал.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
