![]()
Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың жаңаруы мемлекеттік қызметшілерден құқықтық сауаттылықты арттырып, жаңа талаптарды күнделікті жұмыста дұрыс қолдануды талап етеді. Осы бағытта ауданда мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге арналған түсіндіру семинары өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Ерғали Жұмабаев төрағалық етіп өткізді. Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Абдуахат Бакиров ашып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін көтеру және заңнамадағы өзгерістерді уақытылы меңгерудің маңыздылығына тоқталды.
Семинарға аудан әкімі аппаратының, ауылдық округтер мен кент әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері, дербес бөлімдер мен мемлекеттік мекемелердің басшылары және қызметкерлері қатысты. Кездесуде мемлекеттік қызметті ұйымдастыру, қызметтік әдепті сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттеріне қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Департамент басшысының орынбасары Ерғали Жұмабаев мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың негізгі жаңалықтары мен жаңа талаптарына тоқталып, олардың мемлекеттік органдар қызметіндегі практикалық маңызын түсіндірді.
Ал Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ерсұлтан Жолбарыс «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңның негізгі нормалары мен енгізілген өзгерістерін таныстырды. Баяндамасында мемлекеттік қызмет институтын жетілдіруге бағытталған құқықтық тетіктерге және қызметшілердің заң талаптарын сақтаудағы жауапкершілігіне назар аударылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі міндетін атқарушы Назерке Орынбек «Жаңа Конституцияның негізгі бағыттары мен маңызды ережелері» тақырыбында баяндама жасап, конституциялық жаңалықтардың мәнін түсіндірді.
Сонымен қатар Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Ләззат Нұрғалиқызы Әдеп кодексінің талаптары мен тәртіптік жаза қолдану тәртібін түсіндірді. Ал Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Медет Төрегелді мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызына тоқталды.
Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар мен түсіндірмелер алды. Бұл өз кезегінде заңнамалық талаптарды тек теориялық тұрғыдан меңгеріп қана қоймай, оларды қызметтік міндеттерді орындау барысында дұрыс қолдануға мүмкіндік береді.
Мұндай кездесулер мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейін арттырып, қызметтік әдеп пен заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Өйткені мемлекеттік қызметшінің құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігі – халыққа сапалы әрі тиімді мемлекеттік қызмет көрсетудің маңызды алғышарты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
