Созақ ауданында Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтіп, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау бағдарламалары түсіндірілді

Бүгін «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев, Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері, «Ауыл» партиясының мүшелері, сала ардагерлері мен еңбеккерлері қатысты. Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, орман саласының маңыздылығын айшықтаған бейнеролик көрсетілді.

Аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов орман шаруашылығы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, табиғатты қорғау мен көгалдандыру ісіне қосқан үлестері үшін сала қызметкерлеріне аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті.

Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, облыстық басқарма мен кәсіподақ ұйымдарының, сондай-ақ «Ауыл» партиясы фракциясының өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар үздік мамандарды марапаттады.

Мерекелік кеш барысында жас өнерпаздар ән мен күй орйындап, өнерлерін паш етті. Орман шаруашылығында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан ардагерлер әріптестерін мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Бүгін сондай-ақ Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілдерінің қатысуымен жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының төрағаларына арналған ақпараттық кездесу өтті.

Жиынның мақсаты – кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы саласы өкілдеріне мемлекеттік қолдау тетіктерін, жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктерін және жаңа бағдарламалар шарттарын кеңінен түсіндіру болды. Кездесу барысында корпорация өкілдері 2026 жылғы көктемгі егіс және егін жинау науқандарын қаржыландыруға бағытталған «Кең дала-2» бағдарламасының шарттары мен талаптарын жан-жақты түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына нақты жауаптар берді.

Қатысушылар мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығын дамыту бағытында пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You