Созақ ауданында жаңа оқу жылы басталды

Loading

Созақ ауданындағы барлық білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиындар өтіп, алғашқы қоңырау үні соғылды. 1 қыркүйек – Білім күні, әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін ерекше қуанышқа толы мерекеге айналды. Биыл ауданда 1468 бала бірінші сыныпқа қабылданып, білім әлеміне алғашқы қадамын жасады.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты шараға А.Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектепте қатысып, ұстаздар қауымын, оқушылар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтады.

Аудан басшысы өз құттықтауында білім мен ғылымды ел дамуының негізгі тіректерінің бірі ретінде атап, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі ұстаздардың еңбегіне тоқталды. Ол жаңа оқу жылының басталуы әр бала үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, оқушыларды білім алуға, ізденуге және өз алдына нақты мақсат қоя білуге шақырды.

– Бүгін – баланың мектеп табалдырығын алғаш аттап, үлкен білім әлеміне қадам басатын, ұстаздың шәкіртіне жаңа бағыт-бағдар беретін ерекше күн. Әсіресе, биыл алғаш рет мектеп партасына отырып, қолына қалам ұстайтын бүлдіршіндер үшін бұл күннің орны бөлек. Білім алудан ешқашан жалықпаңыздар. Уақытты тиімді пайдаланып, білімдеріңізді тереңдетіп, өздеріңізге нақты мақсат қоя біліңіздер. Себебі ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат – сіздер, – деді Мұхит Тұрысбеков.

Аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім мен ғылымды ел дамуының маңызды басымдықтарының бірі ретінде айқындап отырғанын да атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстардың Созақ ауданында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, білім саласына жасалған инвестиция – ең алдымен, елдің болашағына жасалған инвестиция.

Салтанатты шара барысында мектеп директоры Әуесхан Сағындықов білім ордасының өткен оқу жылындағы жетістіктеріне тоқталып, жаңа оқу жылына белгіленген мақсат-міндеттерді таныстырды. Ардагер ұстаз Бақыт Нұрмаханов жас ұрпаққа ақ тілегін білдіріп, оқушыларды білімге ұмтылып, мектеп қабырғасында алған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.

Салтанатты жиынның ең әсерлі сәттерінің бірі – алғашқы қоңырау соғылған сәт болды. Бұл күні мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін жаңа өмір кезеңі басталды. Ал жоғары сынып оқушылары үшін кезекті оқу жылы жаңа білім мен тың ізденістерге бастайтын маңызды кезеңге айналды.

Шара соңында аудан басшысы мектептегі сыныптарды аралап, оқушылармен жүздесті. Білім алушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, әрқайсысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, «Асқар шыңы» студиясында оқушылар дайындаған сауалдарға жауап беріп, жас өрендермен еркін форматта сұхбаттасты. Мұндай ашық кездесу балалардың өз ойын еркін жеткізуіне, толғандырған сұрақтарын тікелей аудан басшысына қоюына мүмкіндік берді.

Бүгінде Созақ ауданында білім беру саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауданда 35 мектеп пен 39 балабақша жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарында 2613 педагог еңбек етуде. Ұстаздар қауымы жас ұрпаққа білім берумен қатар, олардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік, еңбекқорлық және адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға үлес қосып келеді.

Жаңа оқу жылында білім беру нысандарының жағдайын жақсарту және оқушыларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытында да бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, А.Сүлейменов, Ә.Молдағұлова, Уәлиханов және Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектептердің ғимараттарына терможаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар білім беру нысандарының жылу тиімділігін арттырып, қысқы кезеңде оқушылар мен ұстаздарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Сонымен қатар, А.Сүлейменов атындағы мектептің жылу қазандығы сұйық отынға ауыстырылды. Бұл білім ордасының жылу жүйесін тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өткен жылдан бері аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Білім беру ұйымдарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге кәсіпкерлер мен демеушілер де өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, «KATKO» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының қолдауымен 20 дәрісхана қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді.

Бұдан бөлек, білім саласының ардагерлері мен ауданның жанашыр азаматтарының демеушілігі нәтижесінде 122 оқу кабинеті заманауи талаптарға сай жаңартылды. Бұл бастама білім беру ұйымдарындағы оқу ортасын жақсартуға және мұғалімдердің сабақ өткізуіне қажетті жағдайды күшейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Қызылкөл ауылындағы М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте де оқу-тәрбие процесіне қажетті жағдайды жақсарту мақсатында жұмыстар жүргізілді. Мектепке қосымша акт залы мен шеберхана салынды. Бұл нысандар оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, еңбекке баулу және түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға қосымша мүмкіндік береді.

Аудандағы білім беру саласының бүгінгі көрсеткіштері мен қолға алынған жұмыстар жаңа оқу жылына дайындықтың тек алғашқы қоңырау рәсімімен шектелмейтінін көрсетеді. Мектептердің материалдық базасын жаңарту, ғимараттардың жағдайын жақсарту, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру және балаларға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Білім күні – жаңа оқу жылының басталуымен қатар, ұстаз бен шәкіртке жаңа мақсаттар жүктейтін маңызды кезең. Осы ретте Созақ ауданында 1468 бүлдіршіннің мектеп табалдырығын алғаш аттауы – ауданның білім саласындағы маңызды оқиғалардың бірі. Ал 2613 педагогтің кәсіби еңбегі мен білім беру ұйымдарында жасалған жағдайлар өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына негіз болмақ.

Жаңа оқу жылы әр білім алушы үшін жаңа белестерге бастайтын, ұстаздар үшін кәсіби ізденіс пен толымды жетістіктерге ұласатын жыл болсын деген тілек айтылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You