Созақ ауданының әкімі Қыземшек кентіне жұмыс сапарымен барды

Биыл Қыземшек кентінде бірқатар әлеуметтік нысандар мен орталық саябақтар жаңғыртылып, жаңа демалыс және спорт алаңшалары пайдалануға берілді. Атап айтқанда, кенттің Орталық көшесінде шағын футбол алаңы салынды. Сондай-ақ №20, №22 және №23 үйлердің алдынан балалар ойын алаңшалары бой көтеріп, тұрғындардың игілігіне ұсынылды. Сонымен бірге, Шұғыла көшесі мен 2-ші мөлтекауданында да осындай ойын алаңшалары орнатылды.

Қыземшек кенті әкімі аппаратының жанындағы (28х17 метр) жаңа шағын футбол алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ал 1-2-ші мөлтекаудандар аумағында воркаут алаңдарын орнату жұмыстары мен мектепке апаратын бағытта велосипед жолағы бар аяқжол төсеу жұмыстары жақын күндері толық аяқталмақ. Айта кетейік, биыл Қыземшек кентінің өзінде 2 кіші футбол мен 4 балалар ойын алаңы ашылды. Жақын күнде тағы үш воркаут алаңының пайдалануға берілуі жоспарлануда. Бұған қоса, кентке қарасты Тайқоңыр елді мекенінде де кіші футбол алаңы тұрғындарға есігін айқара ашты.

Бұдан бөлек, №21 және №20 үйлердің маңындағы аллеяларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргіншілер жолы төселіп, қоршаулар мен қоқыс жәшіктері жаңартылды. Кенттің орталық саябағында 1 000 шаршы метрден астам аумақ абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолдарына плитка төселді және қоршаулар жөнделді.

Қыземшек кентіндегі жаяу жүргіншілер жолдары мен баскетбол алаңында да жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Мұнда 750 шаршы метр аумаққа тротуар плиткасы төселіп, 150 шаршы метр қоршау орнатылады.

Сонымен қатар, атауы жоқ айналма жол, Сарыарқа және Шұғыла көшелеріне жарық шамдары орнатылды. Тайқоңыр елді мекенінің Ақжайық көшесіне де жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, елді мекенге қоқыс контейнерлері орнатылуда. Сондай-ақ Тайқоңырда жаңа футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді.

Бұл жөнінде бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қыземшек кенті тұрғындарымен өткен кездесуде мәлімдеді. Кездесу соңында аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген өтініштерді жауапты сала мамандарымен бірлесіп шешу жолдарын қарастырды.

Мұнан өзге Мұхит Тұрысбеков «Шолаққорған-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты орталықтандырылған жылу қазандықтарының жай-күйін бақылауына алды. Аудан басшысы сала мамандары мен жауапты бөлім, мекеме басшыларына жылу маусымына дайындық жұмыстарын сапалы орындау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Биыл кент аумағындағы Шолақ-Еспе су тарату желілері жаңартылып, су резервуарларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ сұйық отынмен жұмыс істейтін қазандықтарда ағымдағы жөндеу және қосалқы бөлшектерді орнату шаралары атқарылып, мазут сақтау қоймасы қайта қалпына келтірілді.

Одан соң аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы кент ішіндегі ішкі көшелерді аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Сонымен қатар, орталық саябақтағы ағымдағы жөндеу және абаттандыру жұмыстарын қарап, тазалық пен көркейту ісін күшейту, кенттің келбетін кешенді түрде дамыту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You