
2025 жылдың 12-17 қазан күндері аралығында Түркістан облысының Арыс қаласында кіші жасөспірімдер арасында бокстан облыстық чемпионат өтті.
Аталған додада Созақ спорт клубының жас спортшысы Лесбек Ораз шеберлігі мен ептілігін таныта білді. Қарсыластарына лайықты қарсылық көрсетіп, жүлделі ІІ орынға ие болды. Жас спортшы ринг үстінде дәл соққылары және тактикалық дайындығымен ерекшеленіп, бапкері Нұрлыбек Көкеновтің үмітін ақтай білді.
Ендігі кезекте Лесбек Ораз 2025 жылдың қараша айында Ақтөбе қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, облыс намысын қорғайтын болады.
Бүгінгі күннің қоса кетер тағы бір ақпаратына тоқталсақ. Теріскейде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жалпыаудандық сенбілік өтті. Тазалық шарасына аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов қатысып, жұмыс барысын бақылауына алды. Сенбілік барысында саябақтар мен көшелер, ауыл маңындағы сай-салалар, қоғамдық орындар мен аяқжолдар қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Ауқымды шараға бюджеттік мекемелердің қызметкерлері, еріктілер және жергілікті тұрғындар – бас-аяғы 5400-ден астам адам атсалысты. Тазалық жұмыстарына 15 арнайы техника тартылды. Нәтижесінде 35 шақырым көше мен 19 шақырым аяқжол тазаланып, 150 тоннадан астам күл-қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
