
Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында экологияға зиянсыз өнім өндіретін заманауи зауыттың құрылысы басталды
Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында бір рет қолданатын, биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама өндіретін заманауи зауыттың іргетасы қаланды. Жобаны «PULPSTYLE» ЖШС іске асырмақшы.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа кәсіпорынның капсуласын салу рәсіміне қатысып, жобаның сәтті жүзеге асуына тілек білдірді.
– Облысымыз үшін әрбір инвестициялық жобаның стратегиялық маңызы зор. Өйткені жаңа зауыт дегеніміз – жаңа жұмыс орындары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап, нақты міндеттер жүктеді. Осы ретте, біз экономиканы әртараптандыру жұмысын қарқынды түрде бастап кеттік. Инвесторлармен келісіп, импорт алмастыратын тауарларды шығаруға басымдық берудеміз. Сол жобалардың бірі – бүгін іргетасы қаланған «PULPSTYLE» компаниясының бір рет қолданылатын ыдыстар мен қаптама жасау кәсіпорны. Біріншіден, жобаға 1,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, 50 жұмыс орны құрылады. Екіншіден, экологияға пайдалы биодырайтын өнімдер шығарылады. Бұл – біздің облысымыздың жаңа өндірістік әлеуетін көрсететін нақты қадам. Осы бастаманы қолға алған инвесторға алғысымды білдіремін. Менің басты мақсатым әрі арманым – Түркістан облысын дотациялық аймақтан шығарып, өзін толық қамтитын өңірге айналдыру. Ел бірлігі мен ортақ жұмысымыз арқылы бұл дәрежеге жетеміз деп ойлаймын. Себебі Түркістан өңірінің ең басты байлығы – адами капитал мен жұмыс күші жеткілікті. Жаңа кәсіпорын уақтылы ашылып, халықты отандық өніммен қамти берсін! – деген Нұралхан Оралбайұлы жобаны қолдаған инвесторларға алғысын білдірді.
Назар аударарлығы, аталған кәсіпорынды ашу бойынша 2025 жылдың қыркүйек айында инвестормен келіссөздер жүргізілген болатын. Бір рет қолдануға арналған, биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама жасау жобасының құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Жоба арқылы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Бүгінде құрал-жабдықтар толық жеткізіліп, кедендік рәсімдеуден өткізілген. Нысан инфрақұрылым желілерімен толық қамтылған. Өндіріс орнын 2026 жылдың наурыз айында іске қосу жоспарланған.
Жобалық құны 4 миллиард теңгені құрайтын зауыт іске қосылды
Осы тұста атап өтер тағы бір мәселе, желтоқсанның 4-інде Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймағында «ER-QAN GROUP» ЖШС-нің орамдағы полиэтилен пакеттері мен желім (пластик) ыдыстарын шығаратын зауыт іске қосылған болатын. Кәсіпорынның ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, нысанды аралап көрді. Өңірде өндіріс саласын қарқынды дамыту жолында тынбай жұмыс істеп жатқан азаматтарға алғысын жеткізіп, экспорт көлемін ұлғайту жөнінде пікір алмасты.
– Бүгін Түркістан облысының экономикалық дамуы үшін аса маңызды жобалардың бірі жүзеге асып отыр. Полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстар өндіретін жаңа зауыт өз жұмысын бастады. Бұл – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, кәсіпкерлік ортаның жандануына серпін беретін қуанышты оқиға. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында өңірлерге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өндірісті күшейту жөнінде нақты міндеттер қойды. Бүгін іске қосылып отырған бұл кәсіпорын – сол бастамалардың нәтижелі орындалып жатқанының жарқын дәлелі. Жобаны жеке инвестор жүзеге асырып, 4 миллиард теңге инвестиция салды. Бұл – облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қосылған нақты үлес. Қазір полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстарға деген сұраныс жоғары. Сондықтан бұл зауыт ішкі нарықты сапалы отандық өніммен толықтырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да жол ашады. Мұндай жобалар біздің облыстың экономикалық жағдайын жақсарта түседі. Қазіргі таңда Түркістан облысы – жаңа өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлік қарқынды дамып келе жатқан өңір. Әрбір жаңа жоба – экономикалық өсімге үлес қосатын маңызды бастама. Осы жобаның іске қосылуына атсалысқан азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Біз инвесторлар мен кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Жаңа өндіріс орны өркендеп, облыс экономикасына мол үлес қоса берсін, – деді облыс басшысы Нұралхан Көшеров.
Зауыттың жобалық құны 4 миллиард теңгені құрайды. Аталған жоба аясында 30-дан аса жаңа жұмыс орны ашылды.
Өз кезегінде Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы: «Бүгін біз Түркістан қаласының Арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан маңызды жаңа инвестициялық жобаны іске қостық. Бұл – өңіріміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономикалық өсімге әсер етуші бірден бір бастама.
«ER-QAN GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі — өңіріміз үшін стратегиялық маңызы бар, жалпы инвестициялық құны 4 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын.
Бұл өндірістің маңыздылығы – нарықтағы сұранысы жоғары, экологиялық талаптарға сай, полиэтилен пакеттер мен пластик ыдастардан өнім шығаратын заманауи технологиялармен қамтылуы.
Бүгінде арнайы экономикалық аймақтың құрылуы — өңірге жаңа инвестиция тартудың, жаңа кәсіпорындар ашудың нақты құралына айналды. «ER-QAN GROUP» жобасы – соның айқын дәлелі. Мұндай өндіріс орындарының іске қосылуы Түркістанның экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайына да оң әсер етпек. Жаңа өндіріс орны өңіріміздің дамуына өз үлесін қосады деп сенемін. Кешеннің жұмысын сәтті бастауымен инвесторларды, құрылысшыларды және қала тұрғындарын құттықтай отырып, ұжымға табыс тілеймін», — деп тілек қосты.
«Bereke plastic» зауыты салынып, 7 өндірістік кешен бой көтереді
Естеріңізде болса, қазан айының 29-ында да Түркістан облысында бірреттік ыдыс-аяқ пен тұрмыстық бұйымдар шығаратын жаңа зауыттың құрылысы басталған-ды. Бұл жоба «Turan» арнайы экономикалық аймағында іске асуда. Мұнда «Bereke plastic» зауыты салынып, 7 өндірістік кешен бой көтереді.
Өндіріс ошағының іргетасын қалау барысында: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірде зауыттар мен фабрикалардың құрылысы қарқын алып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Себебі әр жаңа жоба – жаңа мүмкіндік, жаңа табыс көзі. Қандай кәсіпорын ашылса да, біз оған дайын болуымыз керек. Елімізде жұмысшы мамандықтарын дамыту мен олардың мәртебесін көтеруге ерекше назар аударылып отыр. Биыл өңірдегі 8 мыңнан астам түлекті ірі инвестициялық жобаларға тартуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ колледждерде өңірге қажетті жұмысшы кадрларды даярлау жұмыстарын бастадық. Шын мәнінде, жұмысшы мамандығы – ел экономикасының қозғаушы күші. Ол жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, өндірістің дамуына және халықтың әл-ауқатының артуына тікелей әсер етеді», — деді өңір басшысы Нұралхан Көшеров.
Жаңа зауытта пластик пен қағаздан жасалған 18 түрлі өнім шығарылады. Жылдық қуаттылығы – 700 тонна. Жаңа өндіріс орны 65 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.
Жаңадан іргетасы қаланған зауыт іске қосылған соң, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді. Жобаның сәтті жүзеге асуы отандық өнім көлемін арттыруға, импортты алмастыруға және білікті жұмысшы кадрлардың беделін нығайтуға ықпал етеді. Жаңа өндіріс ел игілігіне қызмет етері анық.
Жылына 10 миллион метр джинсы матасын өндіретін зауыттың капсуласы салынды
Түркістан қаласының экономикалық ахуалын жақсарту мен өңірге инвестиция тарту, отандық өндірісті дамыту мен халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Желтоқсанның 12-сінде осы мақсатта Түркістан шаһарында кезекті жоба бастау алып, джинсы маталарын шығаратын кәсіпорынның іргетасы қаланды. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-ның директоры Жин Ёуйй және Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, мақта-мата жібін иіру мен джинсы маталарын өндіру желілерінің құрылысының капсуласын салды.
– Бүгін Түркістан өңірінің жеңіл өнеркәсіп саласында стратегиялық маңызды жобаның іргетасы қалануда. Арнайы экономикалық аймақта «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-нің джинсы маталарын өндіру зауытының құрылысы басталады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Бұл ретте біз Түркістан облысында мақта кластерін дамытуды бастап кеттік. Бұдан былай өңірдегі мақта 100 пайыз өзімізде өңделіп, дайын өнімдер шығарылады. Солардың бірі – бүгін іргетасы қаланған зауыт еліміздің тоқыма өндірісін жаңа деңгейге шығарады. Мұнда жылына 30 мың тонна мақта-мата жібі мен 10 млн метр джинсы маталары өндіріледі. Дайын өнімдер Еуропа мен Орталық Азия елдеріне экспортқа шығарылады. Жоба толық жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда. Бұл – Түркістан облысындағы ивестиция тарту жұмыстарының жарқын жемісі. Біздің алдымызда Түркістан облысын өзін толық қамтитын әрі терең өңдеу саласы дамыған өңірге айналдыру міндеті тұр. Өйткені, Түркістан – жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қолайлы өңір. Бұл жаңа зауыт – импортты алмастыруға, экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған ірі жоба. Осы нысан іске қосылғанда Түркістан – Қазақстандағы тоқыма орталықтарының біріне айналары анық. Сондықтан жобаға атсалысқан инвесторларға алғысымды білдіремін! Жаңа жоба сәтті жүзеге асып, Түркістанның өндірісі дами берсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Аталған нысанда жылына 10 миллион метр джинсы маталары өндірілмек. Жобаның жалпы құны 23,3 миллиард теңгені құрайды. Сондай-ақ мұнда мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Нысанның жалпы аумағы 20 гектарды қамтиды. Зауыт жұмысына қажетті жабдықтар толық заманауи технологиялармен қамтылады. «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан нысан жеке инвестор есебінен жүргізіледі. Жобаны үш кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Осы ретте шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлы: «Бүгін өңіріміз үшін маңызды жобаның бірі — джинсы мата және 30 мың тонна мақта-мата жібін өндіретін жаңа өндірістік кешеннің іргетасы қаланды. Бұл жоба – өзімізде өсетін мақтаны толық өңдеп, дайын өнім шығаратын толыққанды кластер қалыптастыру жолындағы үлкен қадам. Алдағы уақытта зауыттың өнімдері Еуропа мен Орталық Азия нарықтарына да экспортталады деп жоспарлануда. Жоба толық 23,3 миллиард теңге жеке инвестиция есебінен жүзеге асуда. 20 гектар аумақта салынатын кәсіпорында мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылып, өндіріс толық заманауи технологиялармен жабдықталмақ. Түркістанның өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында бүгінде қаламызда арнайы индустриалды парктер мен арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар жұмыс істейді. Алдағы уақытта Түркістанымызды тоқыма өнеркәсібінің маңызды орталықтарының біріне айналдырамыз деген сенімдемін», — деп пікір қалдырды өзінің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Жалпы, Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалды және «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Индустриалды аймақтарда құны 152 миллиард теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 миллиард теңге инвестиция тартылды. 50 жоба іске қосылып, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 миллиард теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылуда. Одан бөлек жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар үшін шағын өндірістік парктер іске қосылды. Бұл аймақтарда кәсіп ашуға барлық қолайлы жағдай қарастырылған және мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Жалпы, облыстағы индустриалды аймақтар, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 триллион теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады.
Айта кетейік, биылғы 10 айда облыстың негізгі капиталына 1 178,4 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Ал шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Жалпы облыста 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жобалар толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Қазақстанда биыл жалпы сомасы 1,3 триллион теңге болатын 173 индустриялық жоба жүзеге асырылды
Бұл шамамен 22 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Үкіметтің жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі ведомство жұмысының қорытындысы туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков баяндады. Барлығы бір жылға 190 жоба жоспарланған, олардың көпшілігі пайдалануға берілді.
«Маңызды жобалардың қатарында «KIA», «Chery», «Changan», «Haval» және «Tank» брендтерінің автомобильдерін өндіру, алюминий қаптамасын, тұрмыстық техниканы және болат құбырларды шығару бар. Бұл еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтетін нақты кәсіпорындар», — деп атап өтті вице-министр.
Қазақстан экономикасы жыл сайын өсіп келеді, әрі бұл үдеріс 2025 жылы да жалғасуда. Қаңтар мен қараша айлары арасында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 18 513,2 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 13,3% артты.
Инвестиция ел экономикасының қозғаушы күштерінің бірі саналады. Ол тек қаржылық емес, әлеуметтік және технологиялық дамуға да ықпал етеді. Инвестиция тарту арқылы Қазақстанның экономикасы өсіп, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Бұл — ұзақ мерзімді тұрақтылыққа және прогреске жетелейтін маңызды қадам.
Қазақстан экономикасына қандай капиталы бар елдер тартылды? 2025 жылдың көрсеткіштері бойынша, инвесторлардың қаражаты әртүрлі салаларға бағытталған. Сыртқы инвесторлардан бөлек, ішкі нарық та қаржылай қолдау көрсетті. Мемлекеттік бюджеттен 4 180,3 миллиард теңге бағытталса, банктер секторы да елеулі үлес қосып, 795,6 миллиард теңге тартты.
АҚШ, Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде мемлекеттік бюджеттен инвестициялардың үлесі салыстырмалы түрде төмен. Бұл елдерде нарықтық экономика басым және көпшілігі жеке сектордың қолдауымен жүзеге асырылады. Мемлекет көбінесе инфрақұрылым, қорғаныс, білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салады. АҚШ-та мемлекеттік қаржыландыру әдетте зерттеулер мен ғылыми жаңалықтарға бағытталады. Сонымен қатар үкімет инфрақұрылымдық жобаларға (мысалы, жолдар, көпірлер) қаржы бөледі.
Қытай, Үндістан, Бразилия сияқты елдерде мемлекеттік бюджеттен инвестициялардың үлесі айтарлықтай жоғары. Бұл елдерде мемлекет экономикаға белсенді түрде қатысып, стратегияларды жүзеге асырады. Қытайда, мысалы, мемлекеттік инвестициялар инфрақұрылым, энергетика және жаңа технологиялар салаларын дамытуға бағытталған. Әсіресе, мемлекеттік инвестициялар маңызды салаларда, мысалы, энергетикада, көлік инфрақұрылымында және өнеркәсіпте үлкен рөл атқарады.
Қазақстанның әр облысы мен қаласы жеке бір экономика болып саналады. Сондай-ақ әр өңір өз әлеуетін жүзеге асыру үшін күресуде. 2025 жылдың 11 айында ең көп инвестиция тартқан өңір – Астана қаласы. 2 137,4 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылып, бұл қаланы еліміздің экономикалық жүрегіне айналдырды. Астана алдағы жылдары да даму үстінде болмақ.
Алматы қаласы да көрнекті орынға ие: 1 924,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Алматының қаржылық және мәдени әлеуеті инвестиция тартудың негізгі факторлары болып саналады.
Қарағанды облысы да айтарлықтай қаржы тартып отыр: 1 049,2 миллиард теңге. Өндіріс пен тау-кен салаларының дамуы бұл өңірдің инвесторлар үшін тартымдылығын арттырды.
Бірақ инвестиция тарту әлі де шоғырланбаған аймақтар бар. Мысалы, Ұлытау (207,3 миллиард теңге) мен Жетісу (452,5 миллиард теңге) өңірлерінде инвестициялар көлемі салыстырмалы түрде төмен болса да, олар да болашақта өздерінің әлеуетін іске асыра алады.
Бұдан шығатын қорытынды қандай? Инвестициялардың артуы экономика үшін маңызды, өйткені ол экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашады, технологиялық даму мен инфрақұрылымды жақсартады. Инвестициялар мемлекеттің әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларына қолдау көрсетіп, жеке секторды ынталандырады. Бұл елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жоғарылатады. Жалпы, инвестициялардың артуы – елдің тұрақты дамуы мен болашағына оң ықпал ететін маңызды үрдіс.
Түйін.
Ойымызды Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының сөзімен түйіндесек, «Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістанда өндіріс орындарын көбейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл жоба – соның нақты көрінісі десек болады. Бүгінде Түркістан – инвестицияға ашық қала. Арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды алаңдарда кәсіп бастауға барлық жағдай жасалған. Инвесторларға қолдау көрсету – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Бұл бойынша ауқымды жұмыстар істеліп жатыр».
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
