![]()
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Жиында өңірде жүзеге асырылуы жоспарланған бірқатар инвестициялық және әлеуметтік нысандардың сәулеттік тұжырымдамалары қаралып, олардың қала құрылысы талаптарына сәйкестігі жан-жақты талқыланды.
Кеңес барысында инвесторлар өз жобаларын таныстырып, олардың өңір экономикасына, туризмді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қосатын үлесі туралы баяндады. Сонымен қатар ұсынылған нысандардың сәулеттік келбеті, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, қоршаған ортамен үйлесімділігі және заманауи құрылыс талаптарына сай болуы мәселелері қарастырылды.
Облыс әкімі әрбір жобаның сапалы әрі талапқа сай жүзеге асырылуы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ сәулеттік шешімдер өңірдің тарихи-мәдени ерекшеліктерімен үйлесіп, Түркістанның заманауи келбетін қалыптастыруға үлес қосуы қажет екенін жеткізді. Инвесторлардың ұсыныстары мен пікірлерін мұқият тыңдап, жауапты басқармаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Кеңес қорытындысында ұсынылған жобалар бойынша айтылған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, сәулеттік шешімдерді жетілдіру, жобаларды қолданыстағы талаптарға сәйкестендіру және іске асыру жұмыстарын жеделдету жөнінде тиісті тапсырмалар жүктелді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы ғана емес, халықаралық деңгейдегі туризм, мәдениет және инвестиция орталығына айналдыру міндетін қойған болатын. Осыған сәйкес Үкімет «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңды іске асыру аясында қаланың тарихи-мәдени мұрасын сақтау, бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру және құрылыс сапасына қойылатын талаптарды күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Сонымен қатар Түркістан облысында 2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асып, өңірде 110-нан астам инвестициялық жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалар мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, өңір экономикасына жаңа серпін береді.
Түркістан бүгінде Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан туристік орталықтардың біріне айналды. 2025 жылы қалаға 500 мыңнан астам турист келген, оның ішінде шетелдік қонақтардың саны да тұрақты өсіп келеді. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті бірнеше есеге арттыру көзделген. Сондықтан жаңа инвестициялық жобалардың сәулеттік шешімдерін тарихи келбетпен үйлестіріп әзірлеу – жай ғана құрылыс мәселесі емес, қаланың халықаралық имиджі мен инвестициялық тартымдылығын айқындайтын стратегиялық міндет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, сәулеттік бірегейлік сақталған қалалар ғана туристер мен инвесторлар үшін ұзақ мерзімді тартымдылығын жоғалтпайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
