
Бұл жөнінде бүгін кезекті аппараттық мәжіліс барысында айтылды. Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы биылғы оқу жылының қорытындысы мен шомылу маусымындағы төтенше жағдайдың алдын алу шаралары туралы сала басшыларының баяндамаларын тыңдады.
Қазіргі таңда қаладағы 85 мектепте 55 мыңнан астам бала білім алуда. Биыл 3070 оқушы мектеп бітіреді. Бұл – әр отбасы үшін де, жергілікті билік үшін де үлкен жауапкершілік кезеңі. «Өскелең ұрпақтың болашағына бағыт беріп, қолдау көрсету – біздің парызымыз деп есептеймін» — дейді қала әкімі.
Түлектерге кәсіби бағдар беру, ҰБТ мен колледжге, жоғары оқу орындарына құжат тапсыру барысы – білім бөлімімен жүйелі түрде ұйымдастырылуда.
Ал Соңғы қоңырау салтанаты қала мектептерінде — 23 мамыр күні бір күнде өтеді. Бұл күндері қоғамдық тәртіп пен оқушылардың қауіпсіздігі үшін полициямен бірлесіп рейдтер ұйымдастырылады.
«Жасөспірімдеріміз үшін жазғы демалысты мағыналы өткізу де маңызды. Құрылыс жүріп жатқан мектептерден басқа оқу ордаларының жанында лагерьлер ашылады. Мәселен, 2000-ға жуық бала «Балауса» лагерінде демалады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жоспарланған ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары да тиімді жүргізіліп, жаңа оқу жылына толық дайын болуымыз қажет.
Бұдан бөлек, жаз мезгілінде оқушылар тарапынан өзен-көлдерде, су қоймаларында рұқсат етілмеген, бақылаусыз жерлерде шомылу деректері орын алып келеді. Білім беру ұйымдары, ата-аналар және төтенше жағдайлар қызметі тарапынан жүйелі, нақты бақылау мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырдым.
Біз балалардың сапалы білім алып, қауіпсіз әрі жан-жақты дамуына барлық жағдай жасауымыз керек. Бұл – болашаққа салынған ең үлкен инвестиция» — деп атап өтті Әзімбек Пазылбекұлы.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміз бойынша 1300 мектепті жаңғыртуды тапсырған болатын. Осыған орай, Түркістан облысында білім беру нысандарын жөндеу және жаңғырту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілмек.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өңірде 115 мектеп жаңғырту жобасына енгізілді. Бұл жұмыстар 2025-2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Биыл 41 мектепті жаңғырту жоспарланып отыр. Оның ішінде, 15 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалса, 26 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев мектептерді жаңғырту жобасы аясында атқарылатын жұмыстарды пысықтады. Жиынға білім басқармасының жауапты мамандары, білім бөлімдері басшылары мен мердегілер мекемелердің өкілдері қатысты. Жұмыстардың сапалы және уақтылы атқаруды тапсырған әкім орынбасары жөндеу жұмыстары жүргізілетін білім ошақтарын толықтай өз қадағалауында ұстайтынын алға тартты.
— Жаңғырту жұмыстары оқу сапасын арттырумен қатар, оқушылардың жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуына мүмкіндік береді. Бұл — ауылдағы баланың да қаладағы замандасымен тең дәрежеде білім алуына жол ашатын әлеуметтік әділеттіліктің нақты көрінісі. Осыған байланысты бюджеттің әрбір тиынын үнемдеу қажет. Нақты, қажетті жобаларға қолдау көрсетілуде. Мектептерді жаңғырту жобасын жүзеге асыру барысы басты назарда. Оқу жылы басталғанға дейін аяқтау керек деп емес, білім ордалары сапалы қайта жаңғырудан өту керек деп жұмыс жүргізіңіздер. Мердігер мекемелердің басшылары да күнделікті бақылауға алыңыздар, — деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Бұл мектептердің басым бөлігі — 30-40 жылдан астам уақыт бұрын салынған ауыл мектептері. Жөндеу жұмыстарына тек ғимараттар ғана емес, асханалар, кітапханалар, спорт залдар, пән кабинеттері мен сынып бөлмелері толық жабдықталып, қауіпсіздік жүйесі мен жиһаздармен қамтамасыз етіледі.
Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 26 мектептің 6-ның қаржысы облыстық бюджеттен қаралған. Ал 3 мектепті «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен жөндеу көзделген. Ал 2026-2027 жылдары 74 мектеп жаңғыртудан өтеді деп жоспарлануда.
Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы 1089 орта білім беру мекемесінде 554 753 оқушы оқып жатыр. Оның ішінде мемлекеттік 920 мектепте 503 665 оқушы оқыса, жекеменшік 167 мектепте 51 088 оқушы білім алуда.
Жоғарыда Әзімбек Пазылбекұлы 2000-ға жуық бала «Балауса» лагерінде демалады деп жоспарланып отырғанын айтты. Осы ретте назар аударар жайт, биыл Түркістан облысында алғаш рет модульді лагерь қолға алынды. Өңірдің 5 ауданындағы жазғы сауықтыру лагерьлерінде 54 модульдік жатын бөлме, 2 асхана, 4 әжетхана (душымен) орнатылады. Бұл бастама өңірдегі балалар демалысын ұйымдастыру ісіндегі басты түйткіл — орын тапшылығы мен санитарлық талаптардың сақталмауы мәселелерін шешуге бағытталған. Модульдік конструкциялар — қазіргі заман талабына сай, тез орнатылатын, экологиялық әрі тиімді шешім. Бұл тәсіл әсіресе жаз мезгілінде балаларды жылдам әрі сапалы түрде жайғастыру үшін өте қолайлы.
Атап айтқанда, «Төлеби Нұры», «Тау шыңы», «Балауса», «Тау барысы» және «Балдәурен» лагерьлеріне орнатылатын модульдер бір ауысымда мыңнан астам баланы қабылдауға мүмкіндік береді. Жалпы жазғы маусымда бұл лагерьлерде 10 мыңға жуық бала демалады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жатын орындармен қатар, санитарлық тораптар мен асханалар да дайындалуда.
Бұл маңызды жобаны Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тікелей бақылауға алып, тапсырмалардың уақытылы орындалуын қадағалауды жүктеді. Ал облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы барып, лагерьлердің маусымға дайындығын пысықтады. Ол әсіресе қауіпсіздік, санитарлық тазалық және тәрбиешілердің біліктілігіне баса назар аударды.
Сондай-ақ, жазғы сауықтыру кешендерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқындыжүргізілуде. Өңірдегі «Самал» жазғы сауықтыру лагері 20 жылдан бері алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Мұнда терезелер мен есіктер жаңартылып, ішкі әжетханалар орнатылып, ғимаратқа сырлау және әктеу жұмыстары ұйымдастырылды.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында биыл 41 мыңнан астам бала 31 жазғы сауықтыру лагерлерінде демалыспен қамтылады. Балаларға арналған бұл демалыс тек тынығу емес, сонымен қатар тұлғалық, шығармашылық және рухани дамуға бағытталған маңызды кезең. Осыған орай лагерьлерде әр күнге жоспарланған ойын-сауық, мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Айта кетейік, 1 маусымнан бастап Түркістан облысының балалары жазғы сауықтыру кезеңі басталады.
Жалпы, биыл сәуір айынан бастап жазғы сауықтыру лагерьлеріне мониторинг жүргізіле бастағанын білеміз. Сол тұста Түркістан өңіріндегі 32 жазғы сауықтыру лагері жаңа демалыс маусымына дайындалып жатқаны айтылды. Оның ішінде 11-і мемлекеттік болса, 21-і – жекеменшік. Қосымша 3 мемлекеттік лагерьдің іске қосылуына байланысты 6580 орын жасақталды. Биыл жалпы 40 мыңнан астам оқушы арнайы демалыс аймақтарында тынығады. Көбіне көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары қамтылады. Бұл жұмыстардың басым бөлігі мемлекеттік лагерьлері арқылы жүргізіледі. Сондықтан облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмысты жоғары деңгейде орындауды тапсырған болатын.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев «Балауса» лагерінің жай-күйімен танысты. Нысанды аралап, жаңа маусымға дайындығын бақылады. Әуелі оқушылардың қауіпсіздігіне баса назар аударуды және лагерь аумағын абаттандыруды міндеттеді. Сондай-ақ білім саласы қызметкерлерімен бірге «Таза Қазақстан» іс-шарасына атсалысты. Экологиялық бағдарлама барлық лагерьде өткізілді.
Жиынға облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова және Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, Түркістан «Балалар мен жасөспірімдер орталығы» МКҚК директоры Бекарыс Шойбеков қатысып, өзгерістерді баяндады. Құшата ауылында орналасқан нысан бұған дейін қалалық білім бөліміне қарасты «Балалар мен жасөспірімдер орталығы» МКҚК-на қарасты болса, енді Түркістан қалалық қолөнер мектебінің меншігіне өтпек. Бүгінгі сенбілікке аталған мекемелердің де мамандары игілікті іске үлес қосты.
Бейсенбай Дәулетұлы жауапты тұлғаларға мониторингті тоқтатпай жалғастыруды ескертті. Қазіргі таңда 30-дан астам лагерьге түгел зерделеу жүргізілді. Ғимараттардың инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесін қозғап, жауапкершілікпен атқаруға шақырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.