Түркістан қаласындағы жасөспірімдер арасында «Барыс бала – 2025» эссе байқауы ұйымдастырылды

Бүгін «Ұлы дала елі» орталығында Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне арналған «Барыс бала – 2025» атты эссе байқауының марапаттау рәсімі өтті. Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен және қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен бұл рухани шара дарынды жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін арттыруға, әдебиетке деген қызығушылығын оятуға және ұлттық рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталды.

«Барыс бала» «Жемқорлық және Заң» газетінің бас редакторы, белгілі журналист Қаламқас Ботабекованың авторлық жобасы саналады. Аталмыш байқау биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Шара тақырыптық бейнероликпен ашылып, мәдениет үйі өнерпаздарының орындауындағы «Барыс бала» әнімен жалғасты.

Алғашқы сөз алған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы жас қаламгерлерге сәттілік тілеп, шығармашылық еңбектеріне табыс тіледі. Байқауға арнайы келген қонақтардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалдыбек Құрманәлі, қоғам қайраткері Сырлыкүл ана, «Шұғылалы таң» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Дана Орманова, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов және Роза Нарымбетова бастаған өзге де зиялы қауым өкілдері, бөлім басшылары мен ұстаздар болды.

Байқауға 13 пен 18 жас аралығындағы 54 үміткер қатысты. Шығармалар мазмұнына, көркемдік сапасына, креативтілігі мен шынайылығына қарай бағаланды. Әділ қазылар алқасы құрамында тарих ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Баян Адырбек, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, «Өнер мектебінің» директоры Тұрар Тілеулиев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Жыл үздігі – 2023» номинациясының иегері, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының баспасөз хатшысы Тұрсынай Шаметова бар.

Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде М.Пошанов атындағы №21 мектептің 10-сынып оқушысы Кемеңгер Құлжаға бұйырды. І орынды Алтынай Сәрсенбай (№23 IT мектеп-лицейі, 9-сынып) пен Ахмет Мубаров («Әмір Темір» мектебі, 10-сынып) иеленді. ІІ орынға Жания Саттар (Нұртас Оңдасынов мектебі, 10-сынып) Жарқынбек Тастанбек (Білім-инновация лицейі, 8-сынып) және Сабина Айтмахамбет (Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжі, 2-курс) лайық деп танылды. ІІІ орын Аида Абдрахимоваға (№13 мектеп-гимназия, 10-сынып), Есет Кендебайға (Нұртас Оңдасынов мектебі, 10-сынып) және Жасия Баисеит («Өнер мектебі») пен Қанағат Идирисовқа (Назарбаев зияткерлік мектебі, 7-сынып) бұйырды. Мухлиса Хайдарханова (Ш.Ниязов атындағы мектеп, 9-сынып) жоба авторы Қаламқас Алиакбарқызының арнайы жүлдесіне ие болды.

Арнайы номинациялар иегерлері қатарында «Үздік эссе» номинациясына – №18 мектеп-гимназияның оқушысы Аружан Бақытжанқызы Алихан, «Жаңа серпін» номинациясына – «Әмір Темір» мектебінің оқушысы Нурсая Ерболатовна Ерзакова, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы номинацияға – «Даму» мектеп-интернатының оқушысы Қарақат Жанибекқызы Балтабай, Қожа Ахмет Ясауи атындағы номинацияға –№18 мектеп-гимназияның оқушысы Руслан Жасұланұлы Пернебек, «Түркістан жаңғырығы» номинациясына – қолөнер колледжінің студенті Гүлдәулет Бауыржанқызы Кудайбергенова, «Ізденіс шеберлігі» номинациясына – М.Әбенова мектебінің оқушысы Жанерке Асқарқызы Диханбай, Жұмабек Еділбаев атындағы номинацияға – №26 мектеп оқушысы Сымбат Жасұланқызы Әліқұл, Әбдікерім Манапов атындағы номинацияға №12 мектеп оқушысы Айсезім Арманқызы Шарипбек лайық деп танылды.

Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар Түркістан қаласы әкімінің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды. Іс-шара барысында «Яссы» би ансамблі «Дала рухы» биін ұсынса, шара соңында «Түркістан» әні орындалып, жеңімпаздар мен қонақтар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Айта кетейік, байқаудың мақсаты – дарынды балалардың шығармашылық қабілетін дамыту, балалар әдебиетінің өркендеуіне ықпал ету, сондай-ақ ұлттық тәрбие негізінде жас ұрпақтың тіліне, тарихына және мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру.

Еске салайық «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі» аясында «Барыс бала» атты эссе байқауының қағидасы 2 мамырда жарияланған болатын. Нақтырақ тоқтала кетсек.

  1. Байқаудың мақсаты:

Дарынды балалардың бойындағы шығармашылыққа деген талпынысын арттыру, ізденісін дамыту, ойды нақты және сауатты жеткізе білуге баулу, балалар әдебиетінің дамуына үлес қосу. Ұлттық тәлім-тәрбиені жастардың бойына сіңіре отырып, қазақ халқының тіліне, салт-дәстүріне, тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, оның өркендеуіне ықпал жасау.

  1. Байқаудың ережелері мен шарттары:

— Шығармалар «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы» тақырыбында жазылуы тиіс (эссе 3 бет)

— Байқауға қатысушылардың жас ерекшеліктері 13 мен 18 жас;

— Үміткерлер ережеге сай бұрын соңды жазылмаған, әлеуметтік

желіден көшірілмеген шығарма жазып, тапсыруы тиіс. Шығармалар ұйымдастыру алқасына қағаз жүзінде де (қолма-қол) тапсырылуы керек.

— Материалдар электронды түрде жіберіледі. (MS Word, мәтіндік

редакторында «Times New Roman» шрифтімен, шрифт өлшемі – 14, аралық интервалы – 1)

— Алдын ала тапсырылған шығармаларды арнайы құрылған қазылар алқасының құрамы сараптамадан өткізеді.

Шығармалар:

— мазмұнына;

— объективтілігіне;

— көркемдігіне;

— сапасына;

— креативтілігіне;

— өзектілігіне;

— шынайылығына және т.б. сипаттарына қарай бағаланады.

  1. Байқаудың талаптары:

— Қазақстанның егемендігіне, біртұтастығына, бірлігіне нұқсан келтіретін, байқау шарттарына сай келмейтін материалдар байқауға қабылданбайды;

— Шығармашылық жұмыстардың мазмұны жобаның талаптарына сай болуы керек;

Байқауға қатысушы үміткерлер арнайы тағайындалған жүлделермен марапатталады.

Үміткерлер 2025 жылдың 14 мамырына дейін төмендегі құжаттар бойынша өтініштерін ұйымдастыру алқасына тапсыруы тиіс.

— Өтініші;

— Шығармашылық мінездемесі;

— Түрлі-түсті суреті 13 х 18 (1 дана);

— Жеке куәлігі; (Туу туралы куәлік)

— Байланыс телефоны;

— Шығармасы;

Байқаудың өтетін орны мен уақыты қосымша хабарланады.

Анықтама алу үшін: Қалалық мәдениет үйі.

Хабарласу телефоны: 8 778 446 90 09 — Мақпал, 8 775 757 47 71 – Данагүл.

Ұйымдастыру алқасы: Қалалық мәдениет үйі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You