Түркістан қаласындағы Жастар орталығында Жеңіс күніне арналған жиын ұйымдастырылды

Түркістан қаласындағы «Жастар орталығы» КММ директорының орынбасары Әлия Піржанованың модераторлық етуімен қала жастары арасында «Ұлы Жеңіске 80 жыл» атты тарихи танымдық жиыны өткізіліп, оған Түркістан облыстық Әділет департаментінің басқарма басшысы Нұрлан Ербекешов, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, жеке кәсіпкер Бауыржан Исаев,Түркістан қалалық ІІО мен ҰҰ ардагерлері кеңесінің төрағасы, қоғамдық медиатор Батырхан Сансызбаев қатысып, сөз сойледі.

Олар өз сөздерінде Ұлы Отан соғысында миллиондаған адамның қайтыс болғанын, аталған қып-қызыл қантөгіс майдандағы Қызыр Армия қатарына Қазақстан одақтас республика мәртебесінде соғыс алдында әскерде 178 мыңға жуық қазақстандық әскери борышын өтеп жүргендерден бөлек 1 миллион 200 мыңнан астам қосқанын, осы адамдардың 600 мыңнан астамы соғыс майданында немесе түрлі жарақаттардан қайтыс болғанын айта келіп, қазақстандық жауынгерлер барлық шайқастарға белсенді қатысып, жаулармен батыл соғысып, патриотизм мен ерліктің ғажайып үлгілерін көрсеткендіктерін жеткізді.

Одан бөлек спикерлер майдандағы ерліктері үшін Қазақстанның жүздеген мың жауынгерлері КСРО-ның әскери ордендері және медальдарымен марапатталғанын, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғанын, олардың арасында ерліктері елге тараған қыздарымыз Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова мен Хиуаз Доспанова да бар екендігін айтып беріп, 1941 жылдың қыркүйек- қараша айларында ҰОС барысында бетбұрыс жасаған — Мәскеу үшін шайқаста Қазақстан жерінде құрылған генерал Иван Панфилов басқарған (оның қатарында атақты батыр атамыз Бауыржан Момышұлы да соғысқан) 316-шы атқыштар дивизиясы көрсеткен ерекше ерлік үлгісі жайлы баяндадаған соң, 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші көтерген қазақстандық лейтенант Рақымжан Қошқарбаев және ресейлік жауынгер Григорий Булатов екендіктерін еске түсірді.

Спикерлер сонымен қатар «соғыс жылдары Қазақстан майданның қуатты тылына айналды, яғни республиканың экономикасы түгелдей әскери қажеттіліктерге бағытталды. Еліміз әскери өнеркәсіпте қажетті мыс пен қорғасын, висмут, мен молибден, басқа да полиметалл өндірудің жетекші рөл атқарды. Елдің қорғаныс зауыттары қару- жарақтың, снарядтардың, миналардың және басқа да әскери мақсаттағы құрал-жабдықтардың өңдірістерін тез арада игерді. Қазақстан майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен, өнеркәсіпті қажетті мөлшерде шикізатпен қамтамасыз етті» деп, тарихтың көмбесін ақтарды.

Сабақ соңында оқушыларға Жамбыл облысындағы батыр атамыздың ауылында Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай өткізілген мәдени іс-шараның бейнетүсірілімі көрсетілді.

Иә, 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күні. Осы күнге орай әйгілі Бауыржан Момышұлының «Соғыс туралы естелік — бұл қайғы ғана емес. Бұл — шайқастар мен ерліктер туралы естелік. Бұл жеңісті есте сақтау керек! Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес!» — деген сөздері еріксіз еске оралады. Міне, Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске де 80 жыл толып қалды. Бұл күн — сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Ата-бабаларымыздың қан майдандағы теңдессіз ерлігін құрметтеп, өскелең ұрпаққа оларды дәріптеп, Ұлы Жеңісті мәңгі есте сақтап, сұрапыл соғыстың орасан зияны мен зардаптарын ұмытпау — біздің қастерлі борышымыз.

Әрқашанда аспанымыз ашық болып, еліміздің тыныштығы бұзылмасын!

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You