Түркістан қаласында ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды

Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. 1995 жылы қабылданған Ата Заңымыз мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтып, демократиялық қағидаттар мен құқықтық жүйенің берік іргетасын қалады. Конституция – еліміздің бірлігі мен тұрақтылығының, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Осы тарихи мерейлі күн қарсаңында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында арнайы жиын өтті.

Жиынға қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы мен Түркістан қаласының прокуроры Каукен Бахытбайұлы Нәрікбаев, Қоғамдық кеңес төрағасы Сүлеймен Арыстанов және бірқатар мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау өкілдері, сондай-ақ бөлім басшылары қатысты.

Кездесу барысында қала әкімі қатысушыларды ҚР Конституциясының 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, Ата Заңымыздың Ел дамуы мен өркендеуіндегі ерекше орнына тоқталды.

«Ата Заңымыз – біздің тәуелсіздігіміздің тұғыры, елдігіміздің айшықты нышаны. Конституция – әрбір қазақстандықтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Осы құндылықтарды ұлықтау – баршамыздың басты міндетіміз. Мемлекеттің даму жолында, Түркістан қаласының өркендеуінде сіздердің қосқан үлестеріңіз орасан зор.», – деп атап өтті қала әкімі.

Жиын соңында мерекеге орай бірқатар сала өкілдеріне облыс және қала әкімінің атынан құрмет грамотасы мен алғыс хаттар табысталды.

Мұнан өзге Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ата заңым – Айбыным» атты салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиын шымылдығы «Ата Заң айшықтары» театрландырылған қойылымымен түрілді. «Түркістан» балалар хоры жиынға қатысушылармен бірге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындады.

Салтанатты шарада алғысөз алған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті мерекемен құттықтап, елдің әлеуметті-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан еңбек адамдарын марапаттады.

Қазақстан Республикасының егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматқа «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалі мен Қазақстан Республикасының Президентінің Алғыс хаты, облыс әкімінің Грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Олардың қатарында электрші, темір ұстасы, электротехник, өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізуші қызметкері, ағаш ұстасы, әлеуметтік әдіскер, мұғалім, дәрігер, аға оқытушы, аға инспектор сияқты еңбек адамдары бар.

Марапаттау рәсімі концерттік бағдарламаға ұласты. Сахнада елімізге танымал «Меломен» тобы, Жұбаныш Жексенұлы, «Voice of Тuran- 2025» халықаралық қазақ әндері фестивалінің лауреаты Альфия Нигматулина, «Таңба» тобы, Түркістан музыкалық драма театрының балет ұжымы және басқа да өнерпаздар өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You