
Ұлттық домбыра күні аясында композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай «Тұран даласының күйлері» күйшілер байқауы өтпек. Осыған орай сайыстық қағидасы әзірленіп отыр.
Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күні аясында композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай «Тұран даласының күйлері» атты күйшілер байқауы 2025 жылы 1 шілде күні өткізіледі.
Мақсаты — дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиевтің есімін ұлықтап, ұлттық құндылығымыз бен мәдени мұрамыздың бірі де бірегейі күй өнерін дәріптеу, жас домбырашылардың кәсіби деңгейін шыңдау, дарынды таланттардың музыкалық шеберліктерін, шығармашылық қабілеттерін дамыту, жаңа талант иелерін анықтау және қазақ күйлерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, тыңдарманға рухани азық беру.
Ережелері мен шарттарына тоқталсақ. Байқауға орта арнаулы оқу орындары мен өнер мектептерінен күйшілер қатыса алады.
— Байқауға қатысушы үміткерлердің жасы 8 бен 21 жас аралығында болуы шарт.
— Байқауға үміткерлер жеке және топтар болып (дуэт, трио, квартет, ансамбль) қатыса алады.
Байқауға қатысушылар:
- Н.Тілендиевтың күйлерінен бір күй орындау;
- Қазақтың шертпе күйлерінен бір күй орындау;
Байқау шарты бойынша үміткерлер 2 (екі) топта өнер көрсетеді:
— 8 — 14 жас аралығы кіші топ;
— 15 – 21 жас аралығы үлкен топ.
Осы тұста ескеретін жайт:
Аталған байқаудың алдыңғы жылдардағы жеңімпаздары (Бас жүлде, I орын, II орын) байқауға жіберілмейді.
— Байқауға қатысушылардың өнерін бағалау, сондай-ақ, қорытынды шығару үшін қазылар алқасы құрылады.
— Жеңімпаздарды анықтауда қазылар алқасы қатысушының орындау шеберлігіне, киім үлгісіне, күй характерін жеткізе білуіне, сахна мәдениетіне, кәсіби деңгейіне баса назар аударып, шешім қабылдайды.
— Дауыстар тең бөлінген жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
Жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталады.
Күйшілер байқауына қатысушылар төмендегі құжаттарын 2025 жылғы 22 маусымға дейін ұйымдастырушыларға өткізуі тиіс:
— Өтініші;
— Шығармашылық өмірбаяны;
— Түрлі-түсті суреті 13 х 18 (1 дана);
— Жеке куәлігі;
— Орындалатын күйлері (авторы толық жазылуы тиіс);
— Байланыс телефоны;
— Банк есепшотының 20 сандық нөмірі (кәмелетке толмаған үміткердің ата-анасының «Халық банк» есепшотының 20 сандық нөмірі).
Өтетін орны мен уақыты қосымша хабарланады.
Анықтама алу үшін Түркістан қалалық мәдениет үйіндегі Айгерім (байланыс телефоны: 8 700 487 86 87) мен Қожаға (8 771 882 43 43) хабарласуға болады. Электронды пошта: Tur_madeniet@mail.ru.
Еске салайық, Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспбының күні ретіне тойланып келеді.
Домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. Өнертанушылар мен тарихшылар мұндай аспаптар ғылымда Х ғасырдан бастап белгілі деп тұжырымдайды. Алайда 2010 жылы отандық БАҚ тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан басталатын «ата домбыра» табылғанын айтып сүйінші сұраған еді. 1500 жыл бұрын қолданыста болған көне аспап Алтай тауының Моңғолия жағындағы Үңгіртас деген үңгірден табылған екен. Әуелі малшының қолына түскен аспап археологтардың қызығушылығын оятып, 2008 жылы мемлекет қамқорлығына алынады. Бұл ғылыми жаңалыққа қазақ ғалымдарының арасынан танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы назар аударып, аспаптың домбыраның арғы «атасы» екенін дәлелдеп шығады. Осылайша шертпе аспаптардың тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан бастау алатыны белгілі болды.
Бірнеше айларға созылған келіссөздерден кейін ғана Моңғолия тарапы домбыраның көшірмесін алуға рұқсат беріп, кейін сол көшірме негізінде жасалған көне домбыраның нұсқасы музейге қойылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.