Түркістан қаласында Ұлттық домбыра және Астана күні мерекелеріне орай 100-ге жуық отбасыға баспана кілті мен домбыра тарту етілді

Түркістан облысында халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытында нақты жобалар іске асырылып жатыр. Жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп, кезекте тұрған отбасылар баспаналармен қамтамасыз етілуде.

Бүгін Түркістан қаласындағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде үйлердің кезекті құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығы тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, 84 отбасына баспана кілттерін табыстады.

– Сіздерді келе жатқан Ұлттық домбыра және Астана күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздіктің тағы бір жемісі – Түркістан қаласының облыс орталығы атануы. Облыс орталығы атанғанына 7 жыл енді толса да, Түркістан қаласы күллі түркі елдерінің рухани астанасына айналып, шаһарға арнайы заңмен ерекше мәртебе статусы берілді. Шаһардың күннен күнге ажарланып, дамуына өздеріңіз атсалысып, көркейіп келе жатқанына куә болып отырсыздар. Мереке қарсаңында мемлекеттің қамқорлығы сіздерді тағы бір қуанышқа бөлеп отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде баспанамен қамту жұмысы жүруде. Бүгін қаламыздың тұрғындарына баспаналы болып, жаңа пәтерге қоныстану бақыты бұйырды. Біз баспанамен қамту жұмысын облыстағы барлық аудан, қалада жалғастырамыз. Адам үшін ең керегі – баспана. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Облыс әкімінің атынан жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерімен қатар қасиетті домбыра аспабы сыйға тартылды. Баспана «әлеуметтік осал топ» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Оның ішінде, 48-і көпбалалы отбасылар болса, «әлсіз топ» санатындағы отбасылар – 36. Баспаналы болып, Домбыра күні домбыраға ие болған тұрғындар қуаныштарын жасырмай, мемлекеттік қолдауға ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 мыңнан астам азамат баспанаға мұқтаж ретінде тіркелген. Былтыр 961 отбасы баспанамен қамтамасыз етілсе, биыл 944 пәтерді иелеріне тапсыру жоспарланып отыр. Баспана мәселесін шешу үшін тындырымды тірліктер атқарылып келеді.

Орайы келгенде ұрғын үй кезегіндегі өзгерістер хақында бірер сөз. 2025 жылдың 24 мамырынан бастап мемлекеттік тұрғын үй кезегін реттеу құзыреті «Отбасы банк АҚ» компаниясына берілді. Енді тұрғын үй кезегін ұлттық даму институты ретінде «Отбасы банк» басқарады. 24 мамырдан бастап 18 жастан асқан кез келген азамат үй кезегіне өтініш бере алады. Бұған дейін кезекке тұру үшін тек алты арнайы санат қарастырылған болатын, ал енді бұл шектеулер алынып тасталады.

Жаңа талаптарға сәйкес, соңғы бес жылда өтініш берушінің атына тұрғын үй тіркелмеген болуы қажет. Егер қазіргі тұрғылықты жердегі баспана апатты жағдайда болса, бұл да өтініш беруге мүмкіндік береді. Мамандығыңыз, әлеуметтік мәртебеңіз немесе жұмыс орныңыз маңызды емес — бастысы, тұрғын үйге шын мұқтаж екеніңізді дәлелдеу қажет. Осы мақсатта арнайы сайт іске қосылды: orken.otbasybank.kz.

Үй кезегінде бірінші кезекке қойылатын санаттар:

  • Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • Көп балалы аналар және көп балалы отбасылар;
  • Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • Жесір әйелдер мен тұл еркектер;
  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері, сондай-ақ соғыс ардагерлерімен теңестірілген азаматтар және басқа мемлекеттердегі іс-қимылдар ардагерлері.

Осы санаттағы азаматтарға салынып жатқан тұрғын үйдің жалпы көлемінің 70%-ы бөлінеді.

Түркістан қаласындағы тұрғын үй құрылысы

2025 жылы Түркістан қаласында 2 000-ға жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тұрғын үйлер туралы толық ақпаратты Түркістан қаласы, Саттарханов даңғылы, 44-үй мекенжайында орналасқан «Отбасы банк» бөлімшесінен алуға болады.

Отбасы банк қызметіндегі жаңалықтар: білімге қаржы жинау

2025 жылдан бастап «Отбасы банк АҚ» тұрғын үйге ғана емес, білім алуға да ақша жинауға көмектесуді бастады. Балалардың сапалы білім алуын қолдау мақсатында «AQYL» депозиті ашылды. Бұл депозит арқылы жиналған қаржы баланың 18 жасқа толғанда білім алуына жұмсалады.

«Келешек» бағдарламасы туралы

«Келешек» — баланың білім алуына қаржы жинауға арналған мемлекеттік бағдарлама. Қатысу ерікті, бірақ мемлекеттен қосымша төлемдер алу үшін белгілі шарттар орындалуы тиіс. Бағдарламаның мақсаты — баланың 18 жасқа толғанға дейін оқу ақысын төлеуге жеткілікті қаржы жинау.

5 жасқа толған балаларға 235 920 теңге көлемінде бастапқы білім беру капиталы беріледі. Бұл капитал «AQYL» депозиті арқылы қолдау ретінде 2025 жылдан бастап біржолғы түрде беріледі.

Бастапқы капитал сомалары:

  • Барлық балаларға — 60 АЕК (2025 жылы 235 920 теңге);
  • Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға — 120 АЕК (2025 жылы 471 840 теңге).
  • Капитал сомасы айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өзгеруіне байланысты жыл сайын жаңартылады.

Егер «AQYL» депозиті болмаса:

  • 2025 жылдың 12 мамырынан бастап «Отбасы банк» филиалында «AQYL» депозитін ашу қажет.

Бастапқы жарна мөлшері:

  • 0 теңге — жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін;
  • 3 АЕК (2025 жылы 11 796 теңге) — қалған санаттағы балалар үшін.

Жинақталуы тиіс сома:

  • 0 теңге — жетім балалар мен қамқорлықсыз қалған балалар үшін;
  • 12 АЕК (2025 жылы 47 184 теңге) — әлеуметтік осал топтар үшін;
  • 24 АЕК (2025 жылы 94 368 теңге) — басқа барлық санаттағы балалар үшін.

Қосымша ақпарат алу мекенжайлары

Толығырақ мәліметтерді алу үшін Түркістан қаласындағы «Отбасы банк» филиалдарына хабарласыңыз:

  • Түркістан қаласы, Бекзат Саттарханов даңғылы, №44 ғимарат;
  • Түркістан қаласы, Бекзат Саттарханов даңғылы, №19 ғимарат;
  • Түркістан қаласы, Бекзат Саттарханов даңғылы, №49 ғимарат;
  • Түркістан қаласы, 32-көше, №27 ғимарат.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You