Түркістан қаласында өткен «Әуесқой футбол лигасы» ойындарының жеңімпаздары анықталды

Бүгін Түркістанда кіші футболдан өткен «Әуесқой футбол лигасы» ойындарының көктем-жаз маусымының жабылу салтанаты өтті.

Маусымның қорытынды шарасы «Ұлы Дала Елі» орталығында ұйымдастырылып, оған қатысқан барлық командалар мен футболсүйер қауым жиналды. Аталған маусымда А, Б, С, Д, +35 жас және Супер лига санаттары бойынша жалпы 75 команда бақ сынап, тартысты әрі қызықты ойындар көрсетті. Маусым қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер командалар салтанатты түрде марапатталды.

Супер лига бойынша жүлделі орындарды иеленген үздік командалар анықталды. Бірінші орынды – «MFC YASSI GOROD», екінші орынды – «BEKZAT», ал үшінші орынды «MARKA.KZ» командасы жеңіп алды.

«А» тобы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар қатарында бірінші орынды «EPSON» командасы иеленсе, екінші орынды – «FC ZHUINEK», үшінші орынды «ҚАЛА ЖАСТАРЫ» командасы еншіледі.

«Б» тобының жеңімпаздары ретінде бірінші орынға — «MFC BIRLIK», екінші орынға – «TGJD ZHASTARY», ал үшінші орынға «СПОРТ КЕНТАУ» командалары ие болды.

«С» тобының қорытындысы бойынша бірінші орын «ФК ШОРНАҚ ПРИНТ» командасына бұйырды. Ал екінші орынды – «FC NOMAD», үшінші орынды «FC SHAMSHI» командалары иеленді.

«Д» тобы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен «HOME ELEKTRIC» командасы — бірінші орынды, «QUSSHY-ATA» — екінші орынды, ал «Agrocity-Shypan» үшінші орынды қанжығасына байлады.

+35 жас санатында бірінші орынға — «NURTAU COMPANY», екінші орынға – «MARKA.KZ», ал үшінші орынға «FC GOROD» командасы лайық деп танылды.

Ал кеше Түркістан қаласы Бекзат Саттарханов спорт кешенінде спорттық және жауынгерлік самбо бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жеке-командалық чемпионатының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Спорттық сайыс 2016 жылы 5 маусымда 6655 әскери бөлімінде қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналды.

Үздіктерді марапаттау шарасына Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, Түркістан облысы «Олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ директоры, қалалық мәслихаттың депутаты, самбо федерациясының вице-президенті Рысбеков Самат Әкімбекұлы, ҚР Ұлттық ұланының спорттық командаларын дайындау орталығының бастығы, полковник Руслан Жақүпеков, “Халық банкі» Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Бекбашов Самат Мелдебекұлы, сонымен қатар ерлікпен қаза тапқан жауынгер Сапар Досболдың анасы Жұлдыз Құдабаева, Әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Қайрат Ералиев, Азия ойындарының жеңімпазы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Токио Олимпиадасының қатысушысы Дидар Хамза қатысып, жеңімпаздарға марапаттарын табыстады.

Айта кетейік, чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының командалары, Ұлттық ұлан академиясы мен 5573 және 6654 әскери бөлімдері қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар спорттық және жауынгерлік самбодан жеке медальдармен, грамоталармен, чемпиондық белбеулермен және бағалы сыйлықтар табысталды.

Аталған іс-шара – Отан қорғаушылардың рухын көтеру, әскери қызметшілердің спорттағы жетістіктерін дәріптеу және жауынгерлік ерлікті ұлықтау мақсатында ұйымдастырылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You