
Бүгін 26 маусым — «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне» орай Түркістан қаласында тұрғындар арасында кең көлемді велошеру өтті.
Шараның негізгі мақсаты қоғам назарын нашақорлықтың алдын алу, оның зиянды салдарын түсіндіру және салауатты өмір салтын насихаттау болды. Аталған дата БҰҰ Бас Ассамблеясының 1987 жылғы шешімімен бекітіліп, бүкіл әлемде есірткінің заңсыз айналымы мен тұтынуына қарсы күрес күні ретінде аталып өтеді.
Іс-шара таңғы сағат 08:00-де Денсаулық саябағында басталды. Қатысушылар арнайы белгіленген бағытпен велошеруге шығып, белсенділік танытты. Шараның ашылуында Түркістан қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік пен сергек көңіл-күй тіледі. Ол өз сөзінде қоғамның есірткіге қарсы күрестегі бірлігі мен белсенді өмір салтының маңыздылығын, қоғамның ортақ қасіретіне айналған нашақорлықпен күрес жолында жұмыла әрекет ету қажеттігін атап өтті. «Түркістан Арена» кешенінен бастау алған бұл велошеру Денсаулық саябағына дейін жалғасып, 70-ке жуық тұрғынды біріктірді.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Бұл – жай ғана спорттық шара емес. Бұл – есірткіге “ЖОҚ” деп айту, салауатты өмір салтын дәріптеу, жастарды дұрыс жолға бағыттау, бірлік пен жігердің символына айналған үндеу! Қоғам болып күрессек – ертеңіміз жарқын! Сен де салауатты болашақты таңда!
Есірткі мәселесі қозғалғанда айта өтер тағы бір мәселе, бүгін сондай-ақ Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Заң мен тәртіп – мемлекет кепілі» атты форум өтті. Форумға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық прокуратура, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, полиция департаменті мен ҚР-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшылары, сондай-ақ жастар мен жергілікті тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров қоғамда заң үстемдігін орнатуға үлес қосу баршаның ортақ міндеті екенін атап өтіп, қауіпсіз ортаны құру бағытындағы жұмыстарды бірлесе жүргізуге шақырды.
Облыс аумағында есірткінің заңсыз айналымына және нашақорлыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Осы жылдың 5 айында 163 дерек анықталып, 199 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 336 дерек анықталған. Интернет арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу бағытында 405 ақпараттық сайт анықталып, бұғатталды. Сондай-ақ, тұрғындардың қаржылық сауаттылығының төмендігі салдарынан осы жылдың 5 айында облыста алаяқтық қылмыстар 33 пайызға, интернет алаяқтық қылмыстар 102 пайызға өскен. Азаматтардың қаржылық сауаттылықтарын арттыру мақсатында оқыту және түсіндіру жұмыстары күшейтілетін болады. Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың мәселесі ерекше бақылауда. Бұл азаматтарға биыл 194 квота белгіленді. Жұмыспен қамту шаралары жалғасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазаның ауыр түрі қабылданды. Нәтижесінде, қылмыс деңгейі 32 пайызға төмендеген. Президент тапсырмасына сәйкес, облыс аумағындағы барлық аудан, қалаларда «Отбасын қолдау орталықтары» ашылды. Орталықтар арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қажетті көмек көрсетіледі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.