
Түркістандағы Оқушылар сарайында 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған облыстық патриоттар форумы өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жиналған жұртшылықты ел тарихындағы айтулы мерекемен құттықтады.
– Тәуелсіздікті сақтау, қадір-қасиетіне жету мемлекеттік рәміздерімізге деген құрметтен басталатыны айқын. Осы орайда, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі» деген болатын. Біз әрдайым жас ұрпақтың бойында рәміздерге деген ерекше патриоттық сезімнің қалыптасуына жағдай жасауымыз керек. Халықтың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін қалыптастырып, санасына сіңіру – баршамыздың азаматтық борышымыз ғана емес, басты жауапкершілігіміз. Егеменді еліміз жасай берсін! – деді Ертай Кенжебекұлы.
Форум аясында облыс әкімінің орынбасары туған елі үшін еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа құрмет көрсетті. Олардың қатарында ғылым және білім, мәдениет және спорт, медицина және волонтерлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы, технология және бизнес салаларында жетістікке жеткен, республикалық және халықаралық ареналарда еліміздің туын желбіреткен, ерекше ерлік көрсеткен үздіктер бар.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Елдің рухын көтеретін әндер шырқалып, бишілер өнер көрсетті.
Түркістан қаласында мемлекеттік рәміздер ұлықталды
Түркістанда 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай, «Рәміздер алаңында» тұғырлы көк байрағымыз көкке көтеріліп, Әнұран шырқалған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік орган басшылары, зиялы қауым, белгілі спортшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар, қала тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
– 1992 жылы Мемлекеттік рәміздер бекітіліп, 4 маусым – айтулы күндер қатарына қосылды. Бүгінде Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – халқымыздың бойтұмарына айналды. Көк байрақ – айбарымыз, Елтаңба – елдігіміздің арқауы! Біздің қастерлі рәміздерімізді әлем мойындайды және құрметтейді. Біз – мұны зор мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан мемлекетін құру, тәуелсіз елдің азаматы болу – тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Тәуелсіздікті сақтау – оның Рәміздерін құрметтеуден басталады. Әнұран, Ту және Елтаңба – барлық қазақстандықтардың мақтанышы, отаншылдықтың нышаны. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың қастерлі міндеті! Бұл ретте жас ұрпақтың бойына оның маңызын түсіндіре білуіміз керек. Түркістан облысында да бұл бағытта тиісті жұмыстар жүруде. Әрбір отандасымыз Әнұранды шырқап, Көк туды қадірлесе – жарқын болашаққа жол ашылады. Көк байрағымыз биікте желбіресін, Тәуелсіз Қазақ елі жасай берсін! – деді Нұралхан Көшеров.
Шара барысында облыс өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мемлекеттік туды көтеру кезінде «Jana Lep» шығармашылық ұжымы мен мектеп оқушылары Мемлекеттік Әнұранды бір мезгілде орындады. Бұдан бөлек, патриоттық әуендер шырқалып, жігерлі жастарымыз өнерлерімен көпті тамсандырды.
Айта кетейік, облыста 26 Рәміздер алаңы мен ту тұғырлары бар. Биыл Мақтаарал мен Сауран аудандарында Рәміздер алаңын салынады деп жоспарлануда. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
4 Маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні!
Бүгін – халқымыздың тәуелсіздігін, бірлігін және болашаққа деген сенімін бейнелейтін ерекше күн.
1992 жылы дәл осы күні Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз ресми түрде бекітілді. Бұл – әрбір қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялататын тарихи сәт!
Мемлекеттік Ту – бейбітшілік пен ашық аспанның,
Елтаңба – елдік пен бірліктің,
Әнұран – ұлт рухының нышаны.
Біз рәміздерімізді құрметтеу арқылы Отанға деген сүйіспеншілігімізді білдіреміз.
Әрдайым көк байрағымыз көкте желбіреп, елтаңбамыз биікте тұрсын, әнұранымыз асқақтай берсін!
Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның айқын бейнесі!
Түркістан шаһарында «Менің Елім – Менің Туым»: жалпыреспубликалық науқаны жалғасын тапты
Бүгін 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні ел көлемінде «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты дәстүрлі «Менің Елім – Менің Туым» республикалық акциясын ресми түрде бастады.
Акцияның басты мақсаты – Мемлекеттік Туға деген құрметті арттыру, елдік сана мен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, жастардың бойындағы патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілікті нығайту.
Партияның «Жастар рухы» жастар қанаты бұл жобаны бірнеше жылдан бері үздіксіз ұйымдастырып келеді. Соңғы үш жылда республика аумағындағы жүздеген елді мекенде Мемлекеттік Ту ілініп, мыңдаған жас өз үндеуін елмен бөлісті.
Биылғы акция аясында да еліміздің барлық өңірлерінде Мемлекеттік Ту орнату, түрлі патриоттық шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Аймақтарда бір мезгілде ту көтеру рәсімдері, автокеруендер, флешмобтар, спорттық шаралар және салтанатты жиындар өтуде.
Аталған бастама Түркістан өңірінде де ерекше сипат алды. Акцияға облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, еріктілер мен жас белсенділер атсалысып, қала және аудан орталықтарында, ауылдық елді мекендерде ту көтеру рәсімдерін ұйымдастырды.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әр азаматтың қасиетті борышы. Бұл науқан қоғамда, әсіресе жастар арасында, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет мәдениетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. «Менің Елім – Менің Туым» акциясы – рухани жаңғырумен үндесіп жатқан, ұлттың ұлы құндылықтарын ұлықтайтын тағылымды іс.
Түркістан жастары туды көтеріп, рәміздерге құрмет көрсетті
4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен патриоттық бағыттағы ерекше іс-шара өтті.
Іс-шара аясында Түркістан қаласының белсенді жастары футбол алаңында алып көлемдегі Мемлекеттік туды бірігіп көтеріп, рәміздерге деген ерекше құрметін көрсетті.
Іс-шара барысында қатысушылар Мемлекеттік Әнұранды бірге орындап, Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны жайлы маңызды мағлұматтармен танысты. Жастар өз елінің рәміздеріне деген шынайы құрметін білдіріп, патриоттық рухты дәріптеудің жарқын үлгісін көрсетті.
Айта кетейік, 1992 жылы, 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер бекітілген. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі. Бұл күн өңірде жыл сайын кең көлемде мерекеленіп, жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Qazaqstan» деген жазу – алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
