Түркістан қаласында Астана күніне орай волейболдан ашық біріншілік өтті

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру аясында және «Астана күні» мерекесіне орай, «Жемқорлықсыз болашақ!» ұранымен ересектер арасында волейболдан Түркістан облысының ашық біріншілігі өтті. Аталған турнир Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Жарысқа өңірдің әртүрлі аймағынан жиналған 8 команда қатысты. Спорттық бәсекенің мақсаты — бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды жемқорлыққа қарсы мәдениетке баулу.

Турнирдің ашылу салтанатына волейболдан халықаралық дәрежедегі төреші, дене шынықтыру және спорт саласына ұзақ жылдар еңбек сіңірген, бөлім басшысы қызметін атқарған Қуатбек Исламбекұлы Айдарбеков және Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасынан арнайы келген Ахан Есалиев қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды «Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжі» командасы жеңіп алса, ІІ орынға «Түркістан жастары» командасы ие болды, ал ІІІ орынды Шымкент қаласынан келген «Сайрам» командасы қанжығасына байлады.

Орайы келгенде айта өтейік, мерекеге орай кеше Түркістан қаласындағы мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері жалпықалалық сенбілікке атсалысты.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы сенбілік киелі шаһарды көркейту, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды. Мәдениет ошақтары көпшілікпен бірлесе отырып, қала көшелерінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Қоршаған ортаны күтіп ұстауға үлес қосып, айналаны таза ұстауға шақырды.

Айта кетейік, тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Киелі орындар мен мәдени мұралардың маңайында өткізіліп тұрады. Сондай-ақ мекеме аумақтары да тазартылып отырады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You