Түркістан қаласында домбыра үнімен үндескен спорт мерекесі ұйымдастырылды

Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының ұйымдастыруымен ерекше рухтағы спорттық жарыс өтті.

Мақсат – жастарды ұлттық құндылықтар мен салауатты өмір салтына баулу, рух пен дененің үйлесімін тәрбиелеу. Жарысқа 6 мен 16 жас аралығындағы 50-ге жуық түркістандық бүлдіршін мен жеткіншек қатысып, өз шеберліктерін көрсетті.

Қатысушылар футбол, ләңгі тебу, баскетбол, асық ату мен белтемірге тартылу секілді бірнеше сайыстан сынға түсті.

Балалар тек спортпен емес, достықпен де жарысты.

Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен марапаттар табысталып, күннің қуанышы еселене түсті.

Домбыра – рухты, спорт қайратты тәрбиелейді. Екеуінің үндестігі – ұрпақ тәрбиесіндегі ұлы жол.

«Домбыра – рухтың үні» атты мерекелік іс-шара өтті

Бұдан бөлек «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – рухтың үні» атты мерекелік іс-шара өтті.

Іс-шараның мақсаты – ұлттық өнерді ұлықтап, күй өнерін жас ұрпаққа насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу.

Бағдарлама аясында «Ақжайық» музыка мектебінің оқушылары ұлттық нақыштағы бірнеше күйді нақышына келтіре орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар айтыскер ақындар мен өнер саласының танымал өкілдері арнау өлеңдерін оқып, ұлттық мұрамыздың маңызын жыр жолдарымен жеткізді.

Салтанатты жиында Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев  құттықтау сөз сөйлеп, дәстүрлі өнерді қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Шара соңында белсенді қатысушылар мен өнерпаздар арнайы марапаттарға ие болды.

Мұнан өзге Түркістан қаласындағы «Амфитеатр» кешенінде Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – дастан» атты мерекелік іс-шара өтті. Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев құттықтау сөз сөйлеп, домбыраның ұлт руханиятындағы маңызына тоқталды.

– Ұлттық мұраны ұлықтайтын бүгінгі іс-шараның руханиятты дамытуға қосар үлесі мол. Домбыра – ұлттық аспап қана емес, елдің болмысын, жан-дүниесін айшықтайтын ұлы мұра. Осы құндылығымызды қастерлеп, жанына серік еткен қатысушыларға алғысымды білдіремін, – деді Ержан Ибадуллаұлы.

Кеш барысында Сүгір Әлиұлының «Ыңғай төк», Абай Желдібаевтың «Ерке сылқым», Зейнеп Аласьяның «Ертұғырыл», Құрманғазының «Айжанқыз», «Адай», «Балбырауын» сияқты ұлттық күйлері орындалып, көрерменнің зор қошеметіне бөленді. «Тұмар», «Алқоңыр», «Түркістан» ансамбльдері мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында ашылған үйірмелердің шәкірттері өз орындаушылық шеберлігімен көзге түсті.

Сондай-ақ «Фараб», «Самғау» би ансамбльдерінің билері сахнаның көркін аша түсті. «Жайсаң дала», «Ақжелең», «Тұлғаларға туынды» сынды шығармалар ұлттық мұраның ұлағатын сездірді. Шараның шарықтау шегі ретінде домбырашылар арасындағы күй тартысын атауға болады.

Кеш соңында барлық өнерпаздар мен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясындағы домбыра үйірмелерінің оқушылары қалың көрерменмен бірге «Балбырауын» күйін орындады. Көрермендер қол соғып, алғысын білдірді.

Оған қоса Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Ұлттық домбыра күніне орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен жаңа туған нәрестелерге сыйлықтар табысталды.

Шаһардағы №3 облыстық перинеталды орталығында Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі және облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері айтулы мерекеде дүниеге келген нәрестелерге ҚХА логотипі бейнеленген домбыраларды тарту етті.

Халқымыздың қастерлі аспабын ұлықтаған шарада Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева сәбилерін құшақтарына жаңа алған аналар мен білікті дәрігерлерге құттықтау тілегін білдіре отырып, ҚХА-ның сәбилерге жолдаған арнайы хатын тапсырды. Аталған құттықтау хатта:

«Айналайын! Сен туған еліңнің ғажап дәуірінде дүниеге келдің! Сенің Отаның Қазақстан – ұл мен қызы еркін, дамуы қарқынды, әлемнің барша елімен терезесі тең мемлекет! Сенің Отаның – ұланғайыр даласы мен заңғар таулары, айдынды өзен-көлдері мен әсем қалалары бар ел. Ең бастысы, бұл елде бірлігі берік, еңбекқор, мейірімді халық тұрады. Енді сен – сол халықтың бір мүшесісің. Сен туған жылы ел тарихында өшпес із қалдырған азаматтардың мерейтойлары аталып өтті. Сенің бойыңнан да осы ұлы тұлғалардың асыл қасиеттері табылсын, айналайын! Сен де, 100 жылдығы тойланған Әлия Молдағұловадай батыр бол. 140 жылдығы аталған Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлындай отаншыл бол. 180 жылдығы аталған ақын Абайдай абыз бол. Білімің мен күш-жігеріңді Отан-анаң – Қазақстанның көркейіп, дамуына жұмса! Сен ерекше күн – Ұлттық домбыра күні дүниеге келдің!

Сен де ұлттық сананы дүр сілкіндірер қасиетті домбыра үнінен рух алып, биіктерге еліңмен бірге өрлейсің. Сенің сан ғасыр қазақпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық аспап ұлықталатын мерекемен сәйкес келуінің терең мәні бар: Ұлттық домбыра күні – Қазақстан халқын ұлттық мәдениет пен ортақ құндылықтар төңірегінде топтастыруды мақсат ететін мереке. Болашақта сенің де осы асыл идеяны іске асырушылар қатарында болатыныңа сенімдіміз. Сол жолда ДОМБЫРАҢ жан серігің болсын, айналайын! Үлкен өмірге жасаған қадамың құтты болсын, Ұлы Дала перзенті!» – деген ізгі ниет, жақсы тілектен туған жүрекжарды сөздер бар.

Игі шараға қатысқан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, облыстық ҚХА жанындағы өзбек этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы, зейнеткер Мухаббат Ибрагимова, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Алмаш Сұлтанбековна, облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Раимжан Алибаев, облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Хасан Мохаммад ыстық ықыластарын білдіріп, «Сәбилердің әрқашан жолдары ашық, болашақтары жарқын болсын! Бейбіт еліміздің беткеұстар азаматтары болып өсе берсін!» деп тілек қосты.

Осы орайда, жаңа босанған аналар тәрбиелік мәні зор осындай іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.

Айта кетейік, Түркістан қаласында «Ұлттық домбыра күні» мерекесіне орай бірқатар шара өткізілді. Атап айтқанда, 30 маусым күні Түркістан қаласында «Тұран даласының күйлері» қалалық күйішілер байқауы, «Достық» үйінде «Үкілі домбыра» фестивалі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 1 шілде күні Түркістан қаласы «Фараб» кітапханасында дәстүрлі «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы ұйымдастырылып, республиканың әр аймағынан келген 25 өнерпаз бақ сынады. Аудан, қалаларда 100-ге тарта мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You