
Түркістан қаласындағы «Балауса» жазғы лагерінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақстан балалары» атты мерекелік іс-шарасы өтті. Табиғаты әсем, балаларға барлық жағдай жасалған демалыс аймағында 10 бағыт бойынша іс-шаралар, сайыстар ұйымдастырылды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров балалармен жүздесіп, сайыстарын, көрмелерін, өнертабыстарын тамашалап, бірге асық ойнады. Балаларды төл мерекелерімен құттықтады.
– Құрметті балалар! Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Балалар – біздің өміріміздің мәні. Сондықтан олардың бақытты балалық шағына бәріміз жауаптымыз. Оқушылардың қауіпсіз ортасы, сапалы білімі мен тәрбиесі – біздің басты назарымызда болуы тиіс. Қазіргі таңда облысымызда да бала құқығын қорғау, денсаулығын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жаңа білім ордалары бой көтеріп, шығармашылық пен спорттық орталықтар ашылып жатыр. Биыл облыста 1093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алды. Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында 40 мыңға жуық оқушы тегін спорт, өнер үйірмелерімен қамтылуда. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі 15 мыңнан астам балаға қолдау көрсетеміз. Жаз айларында 31 жазғы сауықтыру лагері 43 мыңнан астам балаға қызмет көрсетеді. Сондай ақ бюджеттен қаржы қаралып, жаңа 52 модулді лагерь соғылып, қосымша 7500 баланы қамтуға жағдай жасалуда. Сіздер – туған еліміздің болашағысыздар. Армандарыңыз асқақ болсын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, береке тілеймін! – деген Нұралхан Көшеров білім және өзге де салаларда жетістікке жеткен 20 оқушыға алғысхат пен 100 мың теңгенің сертификатын тапсырды.
Сонымен бірге өңір басшысы 10 ерекше баланы арнайы марапаттады. Одан бөлек мерекеге қатысушы 150 балаға облыс әкімінің сыйлықтары табысталды.
Балалардың мерекесінде экоойындар, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша оқыту сабақтары, шахмат, тоғызқұмалақ сайыстары, асық ату, садақ ату ойындары ұйымдастырылып, «Қолөнершілер» ауласы таныстырылды. Киіз үй тігіліп, балалар саз мектебінің фольклорлық ансамблі күй күмбірлетсе, балабақша шәкірттері Абайдың өлеңін жатқа оқып, тәнті етті.
Мереке концерттік бағдарламаға ұласып, әуелеген әндер шырқалып, би топтары, цирк шеберлері өнер көрсетті.
Балалардың қуанышына ортақтасқан Нұралхан Көшеров жауаптылармен бірге «Балауса» лагерін түгел аралап, жаңа маусымға дайындығын көрді. Жаңадан берілген модульді жатақханаларын көріп, спорт алаңында оқушыларға футбол доптарын табыстады. Келушілер «Түркістан – балалар көзімен» мольберттер ауласын тамашалап, балалардың өнеріне тәнті болды.
Айта кетейік, «Балауса» лагері 150 орындық болған, 7 ауысымда 1050 баланы қабылдап келген. Осы жылы 200 орындық модуль салу арқылы «Балауса» лагеріндегі орын саны 350-ге жетіп, 7 ауысымда 2450 бала қабылдауға мүмкіндік алып отыр. Осы бастама арқылы Түркістан қаласының 1450, Сауран ауданының 1000 баласын жазғы сауықтырумен қамтиды деп жоспарланған.
Лагерь демекші, ертеңнен бастап Түркістан облысында жазғы сауықтыру маусымы басталады. Лагерьлер бірінші ауысымға оқушыларды қабылдап үлгерді. Алғашқы онкүндікте “Болашақ”, “Тау шыңы”, “Үркер” жазғы сауықтыру лагерьлерінде мыңнан астам бала бірінші ауысымға қабылданып, сауықтырылып жатыр.
Оның ішінде, облыстық бюджеттен Сайрам ауданындағы “Болашақ” лагеріне жергілікті 314 бала тынығады. Ал Бәйдібек ауданындағы “Тау шыңы” лагерінде 120 бала алғашқы ауысыммен демалады. Кентау қаласындағы “Үркер” лагерінде Арыс қаласынан 300 бала, Ордабасы ауданынан 300 бала жазғы сауықтырудан өтпек. Басқа сауықтыруға арналған балалар лагерлері кезең-кезеңімен демалыс маусымды бастап, балаларды кестеге сәйкес қабылдайды.
Бірінші ауысым 2 маусымнан 12 маусымға дейін жалғасады. Жалпы, оқушылар 7 ауысым бойынша 10 күннен демалады.
Айта кетерлігі, Түркістан облысында биыл алғаш рет модульдік лагерь қолға алынып отыр. Жаңа бастама арқылы 5 мемлекеттік лагерге 52 модульді жатақхана қойылды. Нәтижесінде мемлекеттік лагерлерде 7500-ден астам қосымша орын ашылды.
Бюджет есебінен 10 мемлекеттік, 21 жекеменшік лагерьде 41 мыңнан астам бала демалса, қалған 400 мыңға жуық оқушы жаз мезгілінде мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық шараларға қатысады. Биыл жекеменшік лагерлерде жазғы демалыспен қамту үшін 8 ауданнан 11 500 балаға бөлінген қаржы мемлекеттік сатып алу конкурсына жарияланып, жеңімпаздары анықталды. Жалпы, өңірдегі 10 мемлекеттік және келісімшарт түзілген жеке меншік лагерлерде 35338 бала демалады.
Сондай-ақ бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістан облыстық Ыбырпй Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Біз бақытты балдырған!» атты мерекелік кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты – балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғап, оларға қамқорлық жасау, сол әрекетті еске салу. Осылайша болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру және оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау көзделді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі атаулы күнге арналған «Қазақстан балалары» атты тұжырымдаманы әзірледі. Соған сәйкес ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 22 мамыр күнін «Отбасында өмір сүру бақыты» деген тақырыптық күн ретінде бекітті. Осыған орай 22 мамырдан бастап 1 маусым аралығында Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы және Түркістан облысына қарасты барлық балалар кітапханаларында мерекелік апталық ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.
Іс-шараны «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Баян Адырбек, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР-ның Құрметті журналисі Роза Нарымбетова, ҚР Журналистер одағының, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері, Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгі иегері Несіпкүл Өтебаева, сондай-ақ «Түркістан» телеарнасының продюсері Ұлмира Тоқсанбаева ашып, балаларға арналған мерекенің маңыздылығына тоқталып, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Мерекелік кешке Түркістан және Кентау қалалық балалар кітапханалары арнайы кітап көрмелерін ұсынып, шараға өз үлесін қосты.
Кештің қадірлі қонақтарының қатарында Түркістан қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы, полиция аға лейтенанты Бағдат Мейірхан да болды. Ол кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде баяндама жасады.
Мерекелік кешке түрлі жастағы балалар, ата-аналар мен қонақтар қатысты. Кеш барысында бүлдіршін оқырмандар ән айтып, би билеп, қызықты ойындар ойнап, ертегі кейіпкерлерімен кездесіп, ерекше әсер алды.
Кеш соңында кітапхана директоры Рысбек Летаев іс-шараны қорытындылап, өнер көрсеткен оқушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Шара соңында барлық балаларға тәтті сусындар мен балмұздақтар таратылды. Мерекелік шара балаларға шаттық пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл күн – балалардың шат күлкісімен, қуанышқа толы сәттерімен есте қалды.
Атап өтерлігі, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің барлық өңірінен келген оқушылар Ақордада қонақ болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясына оқу үздіктері, пән олимпиадаларының, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, спорт сайыстарының жүлдегерлері, батыл әрекетімен көзге түскен балалар келді. Ақорданың кішкентай қонақтарының қатарында көпбалалы отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және ерекше қажеттілігі бар жеткіншектер де болды.
Экскурсия кезінде оқушылар Ақорданың орталық салтанатты холы мен ресми қабылдаулар өткізуге арналған залдарды, Мемлекет басшысының кітапханасын, сондай-ақ резиденция аумағындағы бақты аралады.
Экскурсоводтар ғимарат құрылысының тарихы, оның ерекшеліктері мен мұнда өтетін іс-шараларға байланысты қызықты фактілер жайында мәлімет берді.
Сонымен қатар оқушыларға Президент атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Өңірлерден келген балалар елорданың көрікті орындарын да аралайды.
Биыл Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар алгоритмі «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасына сай түзілді. 22 мамырдан басталып 1 маусымға дейін жалғасатын онкүндік аясында отбасы, қауіпсіздік, денсаулық, білім беру, бала құқығын қорғау секілді маңызды мәселелерге баса назар аударылды.
Ел аумағында отбасылық, ағартушылық, қайырымдылық бағыттарындағы рәсімдер, көрмелер, спорттық турнирлер, экологиялық акциялар, дәрігерлер мен психологтардың қабылдаулары ұйымдастырылды. Декаданың бір күні цифрлық технологияларды ілгерілетуге және цифрлық ортада балаларды қорғауға арналды.
Президенттің жұмыс орнына саяхат жасағандар арасында Түркістан қаласы, С.Рахимов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 7-сынып оқушысы Рухшона Эркинова да бар. Саяхаттан алған әсерін ең алдымен анасымен бөліскен Рухшона көпшіліктің сүйіспеншілігіне ие болды.
Сөз соңында айтарымыз, Халықаралық балаларды қорғау күні Қазақстанда жыл сайын кеңінен аталып өтеді. Республика бойынша сан алуан мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылады. Мемлекеттік деңгейде балаларды қорғау бойынша қолға алынып жатқан шаралар да аз емес.
Мейрамның тарихына келсек, 1949 жылы Парижде өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясы конгресінде 1 маусымда Балаларды қорғау күнін атап өтуге шешім қабылданған болатын. Ал 1950 жылы әлемнің 51 елінде оны алғаш рет атап өтті.
Халықаралық деңгейде көтерілген бастаманың негізгі мақсаты – балалардың өмір сүруге, сөз бостандығына, білім алу және қорғау құқығы бар екенін еске салу. Бүгінде БҰҰ қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенция осы саладағы басты құжат болып саналады. Оны 1989 жылы 20 қарашада қабылдаған.
Халықаралық балаларды қорғау күнінің туы да бар. Онда жасыл түсте жер белгісінің айналасында қызыл, сары, көк, ақ және қара мүсіндер бейнеленген. Жасыл өсуді, үйлесімділікті білдіреді. Адам бейнелері әртүрлілік пен төзімділікті білдіреді. Жер белгісі – бүкіл адамзаттың ортақ үйінің символы.
Мерекеге орай, биылғы статистиканы да сөйлете кетейік. Қазақстанда 18 жасқа толмаған шамамен 5,6 миллионға жуық бала бар. Жалпы, халық санындағы кішкентай қазақстандықтардың үлесі 31 пайызды құрайды. Басым бөлігі оңтүстік өңірдерде тұрады. Олар:
Түркістан облысы – 927 мың бала;
Алматы қаласы – 665 мың бала;
Алматы облысы – 556 мың бала;
Шымкент қаласы – 497 мың бала;
Астана қаласы – 472 мың бала.
Бүгінде мемлекет деңгейде балаларды қорғау бойынша қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Мәселен, «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында кәмелет жасқа толмаған балалардың есепшотына жыл сайын қаржы аударылады. Биыл мыңдаған бала ол ақшаны пайдаланды. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарламаны қабылдауды тапсырды.
«Шашыраңқы болып тұр бәрі. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында.
Қазіргі кезде Қазақстанда Балаларды қорғау күні мемлекеттік мейрамдар тізіміне кірмейді. Сол себепті ресми демалыс берілмейді. Түнеугүні Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы 1 маусым – Балаларды қорғау күнін мемлекеттік мейрамдар тізіміне қосуды ұсынды. Депутаттардың айтуынша, осы бастаманың арқасында отбасы институтын күшейтуге болады. Ал ата-аналар балаларымен көбірек уақыт өткізе алады.
Егер Үкімет көп ұзатпай тиісті қаулыны шығарса, Халықаралық балаларды қорғау күні мемлекеттік мейрамдар тізіміне қосылуы әбден мүмкін.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.