Түркістан қаласында Мұхтархан Ділдәбеков атындағы дәстүрлі халықаралық бокс турнирі басталды

Бүгін Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасының және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, ҚР Бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Қобыланбекұлы Ділдәбековтың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIII халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп және Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.

– Түркі әлемінің алтын бесігі – қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі бастамалары өңірде нақты жүзеге асуда. Бүгінгі турнир – сол бастамалардың жарқын көрінісі. Облысымыздан өте талантты спортшылар көп шыққан. Солардың бірі – Сидней Олимпиадасының және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері – Мұхтархан Қобланбекұлы. Бүгін біз сайыпқыранымыздың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIII халықаралық турнирде кездесіп отырмыз. Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 40 спорт ұйымында 6000-ға жуық жас боксшы шұғылдануда. Аймақта бокс қарқынды дамып жатыр. Қатысушыларға әділ, таза әрі табысты бәсеке тілеймін! – деді Ертай Алтаев.

Ал Ермахан Ибраимов пен Мұхтархан Ділдәбековтің өзі жастарға бокс пен тәртіп, еңбек пен адалдық жайлы жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, чемпион болудың жолын түсіндірді.

Биылғы турнирге Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан, еліміздің бар өңірінен келген 20 команда сапында 140-тан астам жас боксшы қатысуда. Олар 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап, мықтыны анықтайды.

Жарыстың басты мақсаты – талантты жастарды ұлттық құраманың сапына іріктеу және 1-13 тамыз күндері Таиландтың Бангкок қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысатын үздік спортшыларды іздеу. Яғни, осы рингтен көзге түскендер — Қазақстанның атынан құрлықтық аренада өнер көрсететін болады. Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Мақсат Бақтыбазаровтың айтуынша, турнир деңгейі жоғары, ал қатысушылар өз дайындықтарын толықтай көрсетуде.

Ауқымды жарысты Түркістан облысының әкімдігі, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жоғары деңгейде ұйымдастырды. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған: спортшылардың жатын орындары, тамақтануы, медициналық қамтамасыз ету, төрешілер алқасы — барлығы халықаралық талаптарға сай. Турнир тек жарыс емес, тәрбие мен тәртіп алаңы екенін сезіну қиын емес. Облыс әкімдігі мен спорт басқармасы соңғы жылдары Түркістан өңіріндегі спортты дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Бүгінде өңірде 300-ден астам спорт нысаны жұмыс істейді. Соның ішінде 40-қа жуық бокс залдары мен мектептері жүйелі түрде жұмыс жасап, мыңдаған жасты тәрбиелеуде.  

Биылғы турнирдің тағы бір ерекшелігі — қатысушылардың рухы мен дайындық деңгейі. Әр рингте жан алысып, жан берісіп жатқан жас спортшылардың өнерінен болашақ чемпиондардың бейнесі анық байқалады. Жанкүйерлер залында тек Түркістан емес, өзге облыстардан келген ата-аналар, жаттықтырушылар мен спорт сүйер қауым бар. Әр соққы, әр жеңіс — үлкен үміттің көрінісі.

Бүгінде бокс — Қазақстанда ең кең таралған және табысты спорт түрлерінің бірі. Ел Тәуелсіздігін алғаннан бері бұл салада көптеген Олимпиада, әлем, Азия чемпиондары шықты. Мұхтархан Ділдәбеков секілді тұлғалар осы жеңістердің символына айналған. Ал қазіргі турнир — сол жеңіс дәстүрін жалғайтын жаңа буынға бағытталған нақты қадам. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалар аясында спортқа қолжетімділік артып келеді. «Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында өңірлерде бокс залдары жаңартылып, білікті бапкерлерді даярлау ісі жолға қойылған. Мұндай турнирлер — осы тұжырымдаманың жергілікті деңгейдегі көрінісі.

Белгілі былғары қолғап шебері Мұхтархан Қабыланбекұлы Ділдәбеков 1976 жылы 19 қаңтарда Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Абай ауылында дүниеге келген.  Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері (1997 жылы), аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының (2000 жылы) және әуесқой бокстан әлем чемпионатының (1999 жылы) күміс жүлдегері, «Парасат» орденінің иегері (2000 жылы).

1994 жылы Шымкент гуманитарлық университетіне түскеннен кейін бокспен айналыса бастады. Алғашқы жаттықтырушысы – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрғали Сафиуллин. 1996 жылы Ташкент қаласында өткен С.Джексон атындағы халықаралық турнирде ауыр салмақта (91 келіден жоғары) жеңіс тұғырына көтеріліп, спорт шебері атанды. Үш рет Қазақстанның (1997 жылы, 1998 жылы, 1999 жылы), Бангкокте өткен XIII Азия ойындарының (1998 жылы) чемпионы, Қазақстан – Куба боксшыларының жолдастық кездесуінің (1998 жылы) және Варшавада (Польша) өткен Ф.Штамм атындағы халықаралық турнирдің (1999 жылы) жеңімпазы, дүниежүзілік чемпионаттың (1999 жылы, Хьюстон, АҚШ), XXVII Олимпия ойындарының (2000 жылы, Сидней, Австралия) күміс жүлдегері. XVIII Олимпия ойындарына (2004 жылы, Афины, Грекия) қатысқан. 1999 жылдың ең үздік спортшысы.

Мұхтархан Ділдәбеков — бокстағы жарқын тұлға ғана емес, тұтас бір ұрпақтың бойына спортқа деген сүйіспеншілік ұялатқан адам. Ол қазақ боксын халықаралық аренада танытқан, өз заманының айбынды спортшысы болды. Олимпиада күмісін иеленіп, әлемдік рейтингте үнемі үздіктер қатарында аталды.

Турнирдің дәл осы тұлғаға арналуы — кездейсоқтық емес. Бұл — құрмет, сабақтастық және жаңа буынға бағытталған бағдар. Мұхтархан ағаның әр сөзі, әр ісі — бокс залындағы балалар үшін мотивация, үлгі, мектеп. Былтыр ақпан айында Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков Қазақстан бокс федерациясында бапкерлер штабымен жұмыс жөніндегі вице-президент қызметіне тағайындалды.

Мұхтархан Ділдәбеков атындағы XIII халықаралық турнир — бұл спорттық жарыс қана емес, ұлт рухын көтеретін, болашақ чемпиондарды қалыптастыратын, отансүйгіш жастарды тәрбиелейтін алаң. Мұнда жеңімпаз тек алтын алған спортшы емес, күрескен, намыс танытқан әрбір жас — жеңімпаз. Мұнда тәрбиеленген спортшылар ертең елдің атын шығаруы мүмкін. Бір апта бойы жалғасатын жарыс қортындысында үздіктер анықталып, Азия чемпионатына жолдама алатын жастар белгілі болады. Түркістаннан бастау алған осы дода — алдағы халықаралық ареналардағы жеңістің тұғыры болуы әбден мүмкін.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You