Түркістан қаласында Мемлекеттік қызметшілер күніне орай спорттық жарыс өтті

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Түркістан қаласында мемлекеттік мекемелер қызметкерлері арасында кіші футболдан «Түркістан қаласы әкімінің кубогі» үшін турнир ұйымдастырылды.

Аталған спорттық іс-шара 2025 жылдың 27 маусым күні «Нұр-Сауықтыру» кешенінде өтті. Жарыстың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты насихаттау және ұжымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту болды.

Жарыстың ашылу салтанатына Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы Сәрсенбаев пен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы Мұсағалиев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды «Түркістан қаласының мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі жеңіп алды. Екінші орынға Түркістан қаласы әкімдігі командасы ие болды. Үздік үштікті «Түркістан Жарық Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі түйіндеді. Ал төртінші орынды Түркістан қалалық мәслихаты иеленді.

Жеке номинациялар бойынша да үздіктер анықталды. «Үздік қорғаушы» аталымы Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Перне Бақдәулетке берілді. «Үздік ойыншы» болып Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының сектор басшысы Қайрат Темешов танылды. «Үздік шабуылшы» атағын «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС өкілі Жасұлан Абуов иеленсе, «Үздік қақпашы» ретінде Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы Сәрсенбаев марапатталды.

Сонымен қатар бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Түркістан қаласында кезекті жалпықалалық сенбілік өтті. Тазалық шарасына Түркістан қаласына қарасты дербес бөлімдер, 6 сектор, коммуналдық мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, облыстық басқармалар мен департаменттердің қызметкерлері белсенді қатысты. Жалпы тазалық жұмысына 800-ден аса адам өз үлесін қосты.

Сенбілік барысында шөптер шабылып, аяқжолдар сыпырылып, қоқыстар жиналды. Нәтижесінде 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, аумақтар толықтай тазартылды. Қала аумағында экологиялық тұрғыдан маңызды деп танылған 18 белгіленген аумақта сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Түркістан қаласы әкімдігі мен тиісті мекемелер бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, өңір экологиясын жақсарту жолында белсенді жұмыс атқару үстінде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You