Түркістан қаласында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жыл толуына орай «Ән мен күйдің мекені» танымдық-сазды кеш ұйымдастырылды

Түркістан қалалық мәдениет үйіне қарасты «Бірлік» клубының ұйымдастыруымен Қазақстанның халық әртісі, күйші, дирижёр, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жыл толуына орай «Ән мен күйдің мекені» танымдық сазды кеш өтті.

Композитордың күйлері мен әндері орындалып, келген көрермендерге әсерлі көңіл-күй сыйлады. «Яссы» фольклорлық ансамблінің домбырашы-күйшісі Ұлдана Бектемір Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйін күмбірлете орындады. Қаладағы №17 «Ата-Түрік» мектеп гимназиясының оқушылары Алмас Момыш Тілендиевтің «Саржайлау» әнін орындаса, Арайлым Шалқар «Әлқиса» күйін нақышына келтіре орындады. Бірлік елді мекеніндегі Е.Иззатуллаев мектібінің көркем еңбек ұстазы Морхобо Ризаева, тәлімгер Атабек Алимбаев оқушыларымен бірге келіп, кештің қонақтары болды. Осы шарадан жас ұрпақ Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларымен толық танысып, рухани азық алғанына күмәніміз жоқ.

Иә, қазақтың біртуар композиторы, күйші, дирижер әрі халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Бұл — қазақ музыкасының алтын дәуірін қалыптастырған, ел рухын аспандатқан дара тұлғаның ғасырлық мерейтойы. Нұрғисаның шығармашылығы — тек ән мен күй ғана емес, тұтас бір ұлттың рухани жадын сақтап қалған өнер мұрасы.

Нұрғиса Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысының Іле ауданындағы Шилікемер ауылында дүниеге келді. Топырақ бұйырған жері — Жамбыл кесенесінің іргесі. Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы консерваторисының дирижерлік факультетін (проф. Н.П. Аносовың класы бойынша) бітірді. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында (1953-1961 жылдары), қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961-1964 жылдары) бас дирижер, көркемдік жетекші, 1964-1968 жылдары Абай атындағы опера және балет театрының директоры, 1968-1981 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді.

Болашақ композитор 5 жасында домбыра тартуды меңгеріп, 6 жасында Алматыда өткен бір жиында күй тартып, атақты Ахмет Жұбановтың көзіне түскен. 17 жасында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестріне қабылданып, дирижер Ахмет Жұбановтың шәкірті атанған. 1943 жылы соғысқа аттанып, Берлинге дейін жеткен. Соғыстан кейін Ленинград консерваториясында оқыды. «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Көксерек», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» сияқты 30-дан астам фильмге музыка жазған. Шәмші Қалдаяқов сияқты, Нұрғиса Тілендиев те қазақ вальстерін жазған. Оның «Алатау», «Вальс» шығармалары өте танымал. 1998 жылы Тәуелсіз Қазақстанның ең жоғарғы наградасы – «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Оның есімі қазақ мәдениетінің тарихында алтын әріптермен жазулы. Композитордың «Әлқисса», «Махамбет», «Ата толғауы», «Аққу», «Көш керуені», «Саржайлау», «Бәйтерек» секілді күйлері халықтың жадында сақталып, дәуір үнін жеткізіп келеді. Ал «Өз елім», «Құстар әні», «Саржайлау», «Әже туралы ән» сияқты әндері қазақтың әр шаңырағында шырқалып жүр. Нұрғиса Атабайұлы — қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет. 

Нұрғиса Тілендиев 1982 жылы өзінің басты арманы болған «Отырар сазы» халық аспаптар оркестрін құрды. Бұл оркестр қазақтың дәстүрлі музыкасын жаңа деңгейге көтеріп, кейінгі ұрпаққа мирас етудің бірегей үлгісі болды. Тілендиев қазақ музыкасына симфониялық жанрды ұлттық бояумен өрнектеген алғашқы композиторлардың бірі болды. Кеңес одағы кезінде де қазақы саз бен ұлттық дүниетанымды ұштастыра отырып, өз жолын қалыптастырды.

Бүгінде «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі мен дирижері Тілендиевтің қызы Дінзұхра Тілендиева.

Нұрғиса Тілендиевтің өміріндегі ерекше тұлғалардың бірі – жұбайы, Дариға Тілендікеліні. Ол тек қазақ музыкасының алыбына адал жар ғана емес, оның шабытын шарықтатқан рухани серігі бола білді.

Дариға Тілендікеліні өзінің бір естелігінде әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиев ақын Мұқағали Мақатаевты бір ай бойы үйінде құдайы қонағындай күтіп, отызға жуық өлең мен ән дүниеге келгенін айтқан еді.

Нұрғиса аға жарына қарап: «Дариға, домбырамды берші маған…» — деген екен. Осы қарапайым сөз ақын жүрегіне әсер етіп, Мұқағали оны көркем өлеңге айналдырады. Кейін осы өлеңге Нұрғиса Тілендиев әуен жазып, ел жүрегін жаулаған әдемі әнге айналды.

Алайда биылғы мерейтой жүректі шымырлатқан ауыр хабармен де есте қалды. Нұрғисаның жары, ақын Дариға Тілендікеліні 2025 жылдың 11 наурызында дүние салды

Айта өтейік, ТҮРКСОЙ – Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы 2025 жылды Нұрғиса Тілендиевті еске алу жылы деп жариялаған болатын. Жыл бойы мерейтойға арналған мәдени іс-шаралар жалғасын табатын болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You