Түркістан қаласында «Спорт күні» мерекесіне орай салтанатты шара ұйымдастырылды

Бүгін Ұлы Жібек жолы саябағында «Спорт күні» мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Салауатты өмір салтын насихаттауға арналған іс-шараға спортшылар мен жаттықтырушылар, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.

Мерекелік жиында әлемдік додаларда Түркістанның атын асқақтатқан спортшылардың жетістіктері насихатталып, спорт саласының ардагерлері мен сала мамандары, жас спортшылар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Мерекелік іс-шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы мен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы қатысып, спортшыларды, жаттықтырушыларды және қала тұрғындарын құттықтап, спорт саласының жетістіктеріне тоқталды.

Айта кетейік, Түркістан қаласында 265 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде «Түркістан Арена» стадионы, халықаралық теннис орталығы, «Мұз сарайы» және Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені бар. Сонымен қатар, қалада 2 спорт сарайы, 3 стадион, 5 спорт кешені, 6 жүзу бассейні мен 18 теннис корты халық игілігіне қызмет етуде.

Сондай-ақ, спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында жергілікті бюджет есебінен 5 жаңа спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оның бірі – Ә.Нұрмаханов атындағы жаңа спорт кешені ертең пайдалануға берілмек.

Мұнан өзге бүгін Түркістан қаласында мәдени іс-шаралар өтетін бірқатар нысандарды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев аралады. Жауаптылармен бірге алдағы уақытта ұйымдастырылатын мәдени шараларға дайындық барысын пысықтап, нысындардың техникалық жағдайы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылады.

Аралау барысында облыс әкімінің орынбасары мәдени іс-шаралар өткізілетін орындарда өрт қауіпсіздігі, медициналық қызметпен қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіп пен келушілерге қолайлы жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.

– Түркістан бүгінде тек облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ерекше мәртебеге ие киелі қала. Мұнда өтетін халықаралық және республикалық деңгейдегі мәдени шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өңірдің туристік әлеуетін арттыруы тиіс. Қасиетті шаһарға еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де туристер ағылуда. Сондықтан ұлттық салт-дәстүр мен ән-жырымыз қаланың рухани-мәдени орталығында кеңінен насихатталуы керек. Облыста өтетін іс-шаралардың бәрі мазмұнды әрі тағылымды болуы тиіс, – деген Ертай Кенжебекұлы жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.

Түркістан қаласына биыл ерекше мәртебе берілді. Осыған орай облыс орталығында бірқатар маңызды мәдени және рухани іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Биыл облыстың 7 жылдық мерейлі мерекеге орай Қазақстанның халық әртісі, қазақ ән өнерінің падишасы Роза Рымбаеваның «Түркістан» атты концерті өтті. Одан бөлек, 2021 жылы қолға алынған ерекше жоба биыл да жалғасын тапты. Нақтырақ айтсақ, түркі руханиятының алтын бесігі – киелі Түркістанды насихаттауға бағытталған халықаралық «Voice of Turan – 2025» фестивалі ұйымдастырылып, «Түркінің төрі – Түркістан» республикалық жас ақындар айтысы өтті.

Бүгінде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған «Ата заңым – айбыным» атты салтанатты шарасы, Республика күніне арналған атты салтанатты шарасы, «Түркістан дауысы» секілді жоспарлы шаралар мен мерекелік жиындар аталып өтпек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You