![]()
Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде Қожа Ахмет Ясауидың рухани-философиялық мұрасын кеңінен дәріптеуге арналған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті. Ауқымды рухани-ағартушылық жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды жаңғырту, тарихи тұлғалардың мұрасын кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Семинарды «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов жүргізді. Ол Қожа Ахмет Ясауидың рухани мұрасы ұлттық бірегейлікті нығайтуға, өскелең ұрпақты ізгілікке, адамгершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеуге қызмет ететінін атап өтті.
Семинар барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай «Қожа Ахмет Ясауи мұрасының тарихи және рухани маңызы» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым ұлы ойшылдың түркі дүниесіндегі орнына және оның ілімінің қазіргі қоғам үшін өзектілігіне жан-жақты тоқталды. Университет доценті, дінтанушы Сержан Оразбай «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» тақырыбында баяндама жасап, «Диуани хикмет» еңбегіндегі адамгершілік, имандылық және рухани кемелдену идеяларының тәрбиелік маңызын түсіндірді.
Іс-шара барысында қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу, жастар арасында насихаттау және рухани құндылықтарды қоғамдық өмірге кеңінен енгізу бағыттары бойынша пікір алмасты. Сарапшылар Ясауи мұрасын дәріптеу рухани қауіпсіздікті нығайтудың, ұлттық тұтастықты сақтаудың және дәстүрлі құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудің маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті.
Орайы келгенде айта өтейік, «Қазқайтажаңарту» РМК мамандары Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында орналасқан көне қалашықтың қорғанына ғылыми-реставрациялық жұмысты жүргізіп жатыр. Қабырғаны қалпына келтіру туралы шешім мониторинг нәтижесінде қабылданды. Бақылау барысында жыл сайын оның 10-15 сантиметрге ығысатыны анықталған.
Жоспарға сәйкес, шығыс қақпадан бастап 32 метр аумақ қалпына келтіріледі. Ал апатты жағдайда тұрған қабырға бөлігінің жалпы ұзындығы – 40 метр. Қорған қабырғасы 2000 жылдары археологиялық зерттеулерге сәйкес қайта қалпына келтірілген. Бұл жолғы ғылыми-реставрациялық жұмыс кезінде іргетасы нығайтылып, апатты бөліктен алынған жарамды материалдар сақталып, солардың көмегімен қабырғаның бүлінген бөлігі қайта қаланады.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар қабырғаның одан әрі бүлінуіне жол бермей, цитадельдің солтүстік-шығыс бөлігінің тарихи келбетін сақтауға мүмкіндік береді. Ғылыми реставрацияны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
