Түркістан қаласында «Жас құтқарушылар» өзара сайысқа түсті

Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен, Түркістан қалалық Білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінен құралған «Жас құтқарушылар» клубының қатысуымен жарыс өтті.

Іс-шараға қаланың 7 білім беру ұйымынан жиналған оқушылар қатысты. Жарыс барысында жасөспірімдер төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету, алғашқы көмек көрсету және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша өз білімдері мен машықтарын көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, олар арнайы марапаттармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында жауапкершілік, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыру және азаматтық қорғау саласына деген қызығушылықты арттыру болып табылады.

Осы орайда атап өтерлігі, Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан суға шомылу маусымы басталар алдында қала аумағындағы су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар алдын алу шаралары жүргізілуде.

Атап айтқанда, суға түсуге тыйым салынған орындарда арнайы «Тыйым салу» белгілері бояу әдісімен жазылып, көзге бірден түсетіндей етіп орнатылды. Бұл – қала тұрғындары мен қонақтарына аталған аумақтарда суға түсуге қатаң тыйым салынғанын және олардың адам өмірі үшін аса қауіпті екенін ескертетін маңызды белгі.

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары!

Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы Сіздерден жаз мезгілінде су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды, арнайы жабдықталмаған және тыйым салынған орындарда суға түспеуді, сондай-ақ балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауды сұрайды.

Еске салайық, 19 қазан – Құтқарушылар күні. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді.

Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. Адамдарды, қоғамды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарып келді. Бұл қызметтің бір бөлігі милицияға жүктелді.

Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді.

Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Сол үшін де құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен барынша жарақтандырылуы тиіс.

Бүгінде құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады. 

Құтқарушылардың жұмысы өз өміріне қауіпті болып келеді. Дегенмен олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.

2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери қызметшілері мен қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 40%-ға өсті. Сондай-ақ денсаулық пен өмірге зиян келтіру қаупімен байланысты жұмыс үшін құтқарушыларға лауазымдық жалақысының 70%-ы мөлшерінде қосымша ақы белгіленді. Бұдан басқа, 2022 жылдан бастап лауазымдық жалақыға түзету коэффициентін қолдану жолымен азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, оның ішінде азаматтық қорғау органдарының құтқарушыларының жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді.

Құтқарушылардың жалақысы қалай көтеріліп жатыр дегенге келсек:

— 1,23 (23%) – 2022 жылы;

— 1,45 (18%) – 2023 жылы;

— 1,71 (18%) — 2024 жылы;

— 2 (17%) — 2025 жылы.

Осылайша Үкіметтің есебінше, құтқарушылардың жалақысы 2025 жылға қарай 2 есеге ұлғайтылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You