![]()
Түркістан қаласында жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында кешкі уақытта профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Рейд жұмыстарына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы мен орта арнаулы оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагогтері және полиция қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында жастар көп шоғырланатын қоғамдық орындар араланып, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүруіне жол бермеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жастарға қауіпсіздік ережелері мен қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау жөнінде түсіндірме беріліп, ақпараттық жадынамалар таратылды.
Рейд барысында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу ортақ міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ жастарды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық орындарда тәртіп мәдениетін қалыптастыруға және бос уақытын тиімді өткізуге шақырды.
“Профилактикалық шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады”, — дейді жауаптылар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап, «Заң және тәртіп» қағидатын еліміздің жаңа қоғамдық мәдениетінің өзегіне айналдыру қажеттігін үнемі айтып келеді. Ұлттық құрылтайдағы және құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілістеріндегі сөйлеген сөздерінде Мемлекет басшысы құқықбұзушылықпен күрестен бұрын оның алдын алу шараларын күшейту, жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-ана, білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарының өзара жауапкершілігін арттырудың маңызын ерекше атап өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижесін де көрсетіп келеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары елімізде кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың саны кезең-кезеңімен азайғанымен, жасөспірімдердің түнгі уақытта бақылаусыз жүруі, интернет-алаяқтықтың құрбаны болуы, буллинг, вандализм және өзге де құқық бұзушылық тәуекелдері өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан бүгінде мемлекеттік саясат жазалаудан гөрі алдын алу, түсіндіру және тәрбиелік жұмыстарды күшейтуге басымдық беріп отыр.
Түркістандағы кешкі рейдтік іс-шара да осы профилактикалық тәсілдің бір бөлігі саналады. Мұндай жұмыстар құқық бұзушыларды анықтаумен ғана шектелмей, жастардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және заң талаптарына құрметпен қарау мәдениетін орнықтыруға бағытталған. Әсіресе колледждер, ата-аналар және полиция қызметкерлерінің бірлескен жұмысы қауіптің алдын алудың ең тиімді тетіктерінің бірі ретінде бағаланады.
Соңғы жылдары Түркістан қаласында жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған мәдени, спорттық және еріктілік жобаларының саны артып келеді. Бұл да құқықбұзушылықтың алдын алудың маңызды әлеуметтік құралы. Сарапшылардың пікірінше, жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, шығармашылықпен, спортпен және волонтерлікпен айналысуы олардың теріс ортаға түсу қаупін едәуір төмендетеді.
Сондықтан жастар қауіпсіздігі – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Мемлекет басшысы көтерген «Заң және тәртіп» қағидаты дәл осындай күнделікті профилактикалық жұмыстар арқылы нақты мазмұнға ие болады. Өйткені қауіпсіз көшелер, тәртіпке бағынатын жас буын және азаматтық жауапкершілігі жоғары қоғам – Түркістанның ғана емес, тұтас Қазақстанның тұрақты дамуы мен Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың берік негізі болып саналады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
