2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Түркістан қаласының әкімі Әскерге шақыру пунктінің ашылу салтанатына қатысты

Бүгін облыс орталығындағы Түркістан қаласы мен Сауран ауданы әкімшілігінің әскерге шақыру бекеті күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілді. Әскерге шақыру пунктінің ашылу салтанатына қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен қалалық мәслихаттың төрағасы Ғаппар Амантайұлы, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер кеңесінің мүшелері, әскери қызметшілер мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сонымен қатар әскерге аттанғалы тұрған сарбаздар мен белсенді жастар қатысты.

Салтанатты шарада қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жаңғыртудан өткен жаңа нысанның елдің қорғаныс қабілетін нығайтудағы және жас ұрпақты отансүйгіштікке, жауапкершілікке, тәртіп пен азаматтық борышқа тәрбиелеудегі маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, әскери міндетті орындауға шақырылатын жастар үшін қолайлы һәм заманауи талаптарға сай жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Жаңа шақыру пункті әскерге шақыру науқандарын ұйымдастырудың тиімділігін арттырып, медициналық тексерулер мен құжаттандыру жұмыстарын біріздендіруге, жастардың әскери қызметке деген оң көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.

Айта кетейік, 2025 жылы Түркістан қаласы бойынша көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында 93 жас азамат, ал күзгі шақыру кезеңінде 103 азамат Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанды.

Еске салайық, аталмыш нысанда әскерге шақырылушыларды қабылдауға арналған арнайы бөлмелер жаңартылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар инженерлік жүйелер толықтай жаңартылып, қызметтік кабинеттер ретке келтірілді.

Желтоқсанның 11-інде Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейт Рабаев жаңартылған әскерге шақыру бекетіне барып, жүргізілген құрылыс жұмыстарының сапасын тексерді және нысанның жалпы техникалық жағдайымен танысып қайтқан болатын. Тексеру барысында жауапты бөлім басшыларына бекетті толық талапқа сай пайдалану, азаматтарды қабылдау сапасын арттыру және қызметкерлер үшін қолайлы жұмыс ортасын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Түркістан қаласы әкімдігі тұрғындарға және әскерге шақырылушыларға қызмет көрсететін нысандарды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстарын жалғастырып, қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде іске асырып келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You