Түркістан қаласының әкімі тыл ардагерлерін Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады

Түркістан қаласы әкімдігі мен қалалық прокуратураның бірлесе ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті.

Мерекелік жиынға ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, жастар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Салтанатты шараны қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы салтанатты түрде ашып, қатысушыларды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.

— Сіздерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – тек мереке емес, ұрпақтың парызы мен тарихи жадының нышаны. Тарихы терең Түркістан үшін айтулы күнді жастардың санасына сіңдіріп, отансүйгіштікке, бейбітшілікті бағалауға, батыр бабалар жолын ұмытпауға тәрбиелеуіміз керек. Біз үшін әрбіріңіздің алар орындарыңыз бөлек, мәртебелеріңіз биік.— деді қала әкімі өз сөзінде.

Бүгінде Түркістан қаласында 255 тыл ардагері тұрып жатыр. Олардың ерлігі мен жанкешті еңбегі — ел бірлігі мен бейбітшіліктің негізі.

Мерекелік бағдарлама «Батырлар туған Түркістан» атты көрініс-қойылыммен басталып, халық әндері мен патриоттық композициялармен жалғасты. Түрлі жанрдағы музыкалық қойылымдар, соғыс жылдарындағы әндер мен ұлттық билер көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Салтанатты жиында Түркістан қаласының мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен қала прокуроры Кәукен Нәрікбаев ардагерлерге алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.

Сондай-ақ, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы бата беріп, бейбітшілік пен ел бірлігін тілек етті.

Сонымен қатар Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Ұлы Жеңіс күніне орай тыл ардагерлері Елтай Бимаханбетұлы, Иреспек Хаджиддинов және Карима Нурмухамедованы арнайы құттықтады. Ардагерлерге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жеңіс күніне орай жолдаған құттықтау хатын және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін салтанатты түрде табыс етті.

Кездесу барысында қала әкімі бейбіт өмір мен келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткен тыл ардагерлерінің ерлігі мен жанқиярлық еңбегі – ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Ардагерлерге шын жүректен ұзақ өмір, зор денсаулық тілеп, арнайы сый-сияпаттар жасады.

Өз кезегінде ардагерлер де көрсетілген құрмет пен ілтипат үшін қала басшылығына ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Айта кетейік, Ұлы Жеңіс күніне орай Түркістан қаласында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, сондай-ақ олардың отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету шаралары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қала бойынша 255 тыл еңбеккері мен 9 Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар ардагерінің екінші рет некеге тұрмаған жұбайына біржолғы әлеуметтік көмек төленді.

Ресми деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысы жылдары Түркістан қаласынан 20 мыңнан астам азамат майданға аттанған. Олардың 12 мыңнан астамы елге аман-есен оралып, бейбіт өмірде ел игілігі үшін аянбай еңбек етті. Жауынгерлік ерлігімен көзге түскен 7 түркістандыққа Совет Одағының Батыры атағы берілген.

Ардагерлеріміздің ерен еңбегі мен Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі – бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес рухани мұра. Ұлы Жеңіс – тек бір күннің емес, мәңгілік тағзым мен құрметтің символы болып қала береді.

9 мамыр — Ұлы Жеңіс күніне орай, Түркістан қаласында Екінші дүниежүзілік соғыстың тыл еңбеккерлері мен ардагерлерінің отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетілді.

Атап айтқанда, 255 тыл еңбеккеріне және 9 Ұлы Отан соғысы мүгедектігі бар ардагерінің екінші рет некеге тұрмаған зайыбына 50 000 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек толығымен төленді.

Жалпы, Түркістан облысында Жеңістің 80 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне 5 миллион теңге көлемінде біржолғы қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, тыл еңбеккерлері және жеңіске үлес қосқан басқа санаттардағы азаматтарға 50-100 мың теңге аралығында берілді. Жалпы Түркістан облысында Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген 3 017 адамға біржолғы ақшалай әлеуметтік көмек көрсету үшін аудан-қала бюджеті есебінен 212,8 миллион теңге қаржы қаралған. Бұл жайында Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанабілов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеген-ді.

«Түркістан облысынан Ұлы Отан соғысына 140 мыңнан астам азамат аттанып, оның 70 мыңы елге оралды. Оның ішінде 51-і Совет Одағының батыры, 1-і Халық қаһарманы және 8-і III дәрежелі «Даңқ» ордені кавалері атағын алған. Бүгінгі таңда облыс көлемінде 8 ҰОС ардагері бар. Оларға тек мереке қарсаңында ғана емес, жыл көлемінде түрлі көмек көрсетіліп, бірқатар жеңілдіктер қарастырылған» — деді спикер.

Айта кетерлігі, Түркістан облысы бойынша Ұлы Отан соғысың ардагерлері мен Жеңіске қосқан елеулі үлесі бар 3008 азаматқа «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медальдар табысталса, 8 соғыс ардагеріне Мемлекет басшысының атынан арнайы құттықтау адресаты тапсырылып, ҰОС ардагерлері мен олардың отбасы мүшелерімен жеке кездесулер өткізілді.

Сонымен қатар, брифингке қатысқан Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Байғұтов облыс аумағында ҰОС ардагерлері мен Жеңіске үлес қосқан азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік қолдау көрсетуге мұқтаждығын анықтау мақсатында әлеуметтік карта жасақталғанын жеткізді.

«Осы әлеуметтік карта негізінде жыл бойы ардагерлердің және олардың отбасыларының қажеттіліктеріне сәйкес аудан-қала әкімдіктері және демеушілер тарапынан жеңілдіктер мен әлеуметтік қолдаулар көрсетіледі. Сондай-ақ, медициналық тексерулер мен оңалту қызметтері ұйымдастырылады. Жалпы жыл басынан бері 61 тыл еңбеккері санаторийлік-курорттық емдеумен және басқармаға қарасты мекемелерде сауықтыру қызметтерімен қамтамасыз етілді», — деді Самат Талғатұлы.

Мәліметтерге сүйенсек, Түркістан қаласынан Ұлы Отан соғысына 20 мыңнан астам азамат аттанып, оның 12 мыңнан астамы елге аман-есен оралған. Батырлық пен ерліктің жарқын үлгісін көрсеткен азаматтардың ішінде 7 жерлесімізге Совет Одағының Батыры атағы берілген.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында көзі тірі соғыс ардагері қалмаған. Дегенмен, олардың ерлігі мен бейбіт өмір үшін жасаған жанқиярлық күресі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Бұл бағытта жыл сайын ардагерлер мен олардың отбасыларына түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіліп, бірқатар жеңілдіктер қарастырылып келеді.

Мереке қарсаңында тыл ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, мерекелік медальдар табысталды. Сонымен қатар, ардагерлердің үйлеріне барып, құттықтаулар мен алғыс хаттар ұсынылды. Қала басшылығы мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан әлеуметтік қолдау шаралары тұрақты түрде жалғасын табатын болады.

Ардагерлеріміздің ерен еңбегі мен Отанға деген сүйіспеншілігі — бүгінгі ұрпақ үшін өлшеусіз мұра. Ұлы Жеңіс — бір күннің емес, мәңгілік құрметтің символы.

Бокстан VI Республикалық ашық турнир ұйымдастырылды

Бұдан бөлек Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде 2011-2012 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушы, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» Кеңес Пәзілұлы Нәдірқұловтың жүлдесіне арналған бокстан VI Республикалық ашық турнир ұйымдастырылды. Спорттық шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өту аясында ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жас спортшыларды бокспен тұрақты айналысуға ынталандыру, бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ үздік спортшыларды анықтау.

Ашылу салтанатында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы сөз сөйлеп, Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Турнирге Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен және Қазақстанның өңірлерінен келген 160-қа жуық спортшы қатысты.

Жарыс бірнеше күнге жалғасып, салмақ дәрежесіне қарай үздік деп танылған қатысушылар арнайы белбеулермен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.

Түркістан қаласының сазды-драма театрында «Хат тасушы» қойылымының тұсауы кесілді

Тағы бір алып-қосар жаңалық, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында Бақытгүл Бабаштың инсценировкалауындағы Жұмекен Нәжімеденовтың «Хат тасушы» қойылымының тұсауы кесілді.

Қоюшы режиссері «Құрмет» ордені және Махамбет сыйлығының иегері Мұқанғали Томанов осымен қара шаңыраққа төртінші рет қойылым сахналап жатқанын тілге тиек етіп, шығармашылық ұжымға алғысын жеткізді.

Рөлдерде театрдың белді әртістері ойнайды. Театрдың «Тарлан» музыкалық-аспапты ансамблі музыкамен көркемдеп, қойылым мазмұнын аша түседі. Қоюшы суретшісі – Қанат Шериев, жарық суретшісі – Жанболат Рсимбетов, хореограф – Жангүл Ерсұлтанова.

Қойылым барысында соғыс кезінде майдан даласынан сағыныш хаттарды тасушы Темірхаттың тағдыры көрсетіледі. Алғашында жеңіл болып көрінген жұмыс Темірхаттың иығына ауыртпалық арттырады, себебі майданнан алаңдатып жеткен сәлемдемені қасірет пен қайғының «қара қағазы» алмастырады. Әсіресе, ауыл балалары оны «қара хабаршы» деп қарғап, қасіретін арттыра түседі.

Қойылымның шыңы – Темірхаттың өз ағасы Әбілхаттың «ерлікпен қаза болған» хабарын оқып, әке-шешесіне жеткізе алмай, бәріне өзін кінәлі сезінгендей, өзенге батып кетуімен аяқталады. Бұл трагедиялық оқиға Жұмекеннің сөздері мен оның бала жүрегінің қиналысы арқылы көрініс тауып, көрермендерге терең ой салады.

7-8 мамыр күндері сағат 19:00-де театрда премьера өтті. Билеттер тикетон сайтында және театр кассасында сатылды.

Түркістанда Жеңіс күніне арналған фотокөрме өтті

Түркістан қаласында «Еңсесі биік Ұлы Жеңіс» атты фотокөрмесі өтті. Шараға келген қонақтар Ұлы Отан соғысына қатысты тарихи жәдігерлерді көріп, ерлік пен отансүйгіштікке толы шежірелі кезеңдермен танысты. Көрменің мақсаты – ел үшін жанын қиған ардагерлердің ерлігін насихаттау және жастардың бойына патриоттық рухты сіңіру. Шараға ҚР Ұлттық ұланы 5574 әскери бөлімінің сарбаздары, қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері, №15 Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясы мен №26 жалпы орта мектебінің оқушылары қатысты.

Айта кетейік Түркістан облысынан Ұлы Отан соғысына 140 мыңнан астам азамат аттанып, оның 70 мыңы елге оралған. Оның ішінде 51-і Кеңес Одағының батыры, 1-і Халық қаһарманы және 8-і III дәрежелі «Даңқ» ордені кавалері атағын алған. Бүгінгі таңда облыс көлемінде 8 ҰОС ардагері бар.

Мұнан өзге 9 мамыр – Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай “Ұлы Дала Елі Орталығында” Түркістан қаласы білім бөлімі “Өнер мектебінің” бірлесуімен «Жеңіс туы желбіре» атты тақырыпта фестиваль болып өтті. Оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, ән айтып, өлең оқып өнерлерін ортаға салды.

Орайы келгенде еске салайық, Түркістанда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні де өз деңгейінде аталып өтті. ҚР ІІМ «Ұлттық ұланының» №5574 әскери бөлімінде өткен патриоттық іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және Түркістан облысының полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов қатысып, сардарлар мен сарбаздарды, ер-азаматтарды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толуымен құттықтады.

Мерекелік іс-шарада әскери сала өкілдеріне марапаттар тапсырылып, құрмет көрсетілді.

Рухты оятып, отаншылдықты дәріптеген мерекеде «Ұлттық ұлан» бөлімінің сарбаздары әскери шеру өткізді. Сонымен бірге көпшілікке әскери техникалар көрмесі ұсынылды. Патриоттық әндер шырқалды.

Айта кетейік, былтыр Түркістан облысынан 5 мыңға жуық жас әскерге аттанды. Биыл да осы көлемде сарбаздар Қарулы күштер қатарын толықтырады деп күтіліп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You