![]()
Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасып келеді. Биылғы алғашқы жартыжылдықта өнеркәсіп, өңдеу өндірісі, сауда, құрылыс және инвестиция бағыттарында өсім байқалып, қала экономикасының негізгі көрсеткіштері бойынша тұрақты нәтиже қалыптасты. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу, белгіленген индикаторларды толық орындау және инвестициялық жобаларды нақты нәтижеге бағыттау мәселелері — қала әкімдігінің тұрақты бақылауында.
2026 жылдың қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен рейтингтік индикаторлардың орындалу барысы қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте талқыланды. Жиында Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Бөлегенов алғашқы алты айдағы негізгі көрсеткіштердің орындалуы жөнінде баяндама жасады.
Өнеркәсіп пен инвестицияда өсім бар
Алғашқы жартыжылдықта қала экономикасының бірқатар негізгі саласында нақты өсімге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 133,9 пайызды, өңдеу өнеркәсібі 138,9 пайызды құрады. Бөлшек сауда көлемінің нақты көлем индексі 127,9 пайызға, ал құрылыс жұмыстарының көлемі 120,4 пайызға жетті.
Экономикалық белсенділіктің маңызды көрсеткіштерінің бірі – инвестиция тарту. Есепті кезеңде негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 176,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,6 пайыздық өсім көрсетті.
Инвестициялық белсенділіктің артуы өндірістік инфрақұрылымды дамытуға да серпін беріп отыр. Бекзат шағынауданындағы өндірістік парк аумағында 5 дайын өндірістік ғимараттың құрылысы толық аяқталды.
Сонымен қатар жалпы құны 11,8 миллиард теңгені құрайтын төрт инвестициялық жобаны орналастыру жөнінде келісімдер жасалды. Аталған жобалар іске асқан жағдайда 580 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл өндірістік қуатты арттырумен қатар, қала тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Құрылыс қарқыны сақталды
Қаладағы құрылыс саласында да жұмыс қарқыны төмендеген жоқ. Алғашқы алты айда құрылыс жұмыстарының көлемі өткен кезеңмен салыстырғанда 120,4 пайыздық көрсеткішке жетті. Есепті кезеңде 125,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Тұрғын үй құрылысының қарқын алуы қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарымен қатар жүруде. Осы орайда қала аумағындағы құрылыс және абаттандыру нысандарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше көңіл бөлінуде.
Қала әкімі құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысу барысында нысандардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауды тапсырды. Әсіресе, өскелең ұрпақ үшін маңызды саналатын балалар ойын алаңшаларының құрылысына баса назар аударылып, жұмыстарды сапалы әрі жеделдетілген түрде уақытылы аяқтау міндеті қойылды.
Жол сапасы – қала дамуының маңызды көрсеткіші
Қаланың инфрақұрылымын жақсарту бағытында жолдарды жөндеу жұмыстары да жалғасуда. Жыл басынан бері 2025 жылдан өтпелі болып саналатын жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 66,7 пайызға жеткізу жоспарланған. Жөндеу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп, тамыз айының соңында толық аяқтау көзделген.
Жол инфрақұрылымын жаңарту – тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін бағыттардың бірі. Сондықтан жөндеу барысында тек жұмыстың көлеміне емес, орындалу сапасына және белгіленген мерзімнің сақталуына назар аударылуда.
Бюджет кірісі ұлғайды
Қала экономикасындағы оң динамика қаржы көрсеткіштерінен де көрінеді. Алғашқы алты айда бюджеттің өзіндік кірістері 36,2 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш қала экономикасындағы іскерлік белсенділіктің, өндіріс пен сауда айналымының артуымен тығыз байланысты. Өз кірістерінің ұлғаюы қаланың әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттерін шешу мүмкіндігін кеңейтіп, жергілікті деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруға қосымша негіз қалыптастырады.
Дегенмен оң көрсеткіштермен қатар орындалуы тиіс міндеттер де бар. Аппараттық мәжілісте кейбір бөлімдердің бекітілген рейтингтік индикаторларды толық орындамағаны айтылып, жауапты басшылардың жұмысы сынға алынды.
– Алғашқы жартыжылдық қорытындысында бірқатар маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижеге қол жеткіздік. Дегенмен кейбір бөлімдер бекітілген индикаторлардың орындалуын толық қамтамасыз ете алмады. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет. Әрбір басшы өз саласындағы көрсеткіштердің орындалуына дербес жауапты. Үшінші тоқсанның қорытындысына дейін барлық кемшіліктер жойылып, жоспарланған индикаторлар толық орындалуы тиіс. Бізге есеп үшін емес, нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс қажет, – деді қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.
Жиын қорытындысында үшінші тоқсан аяқталғанға дейін орындалмаған индикаторлар бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу, рейтингтік көрсеткіштерді жақсарту, бөлімдер арасындағы өзара үйлестіруді күшейту және әрбір көрсеткіштің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жалпы, алғашқы жартыжылдықтағы көрсеткіштер Түркістан экономикасында өсім қарқыны сақталғанын көрсетеді. Өнеркәсіп өндірісінің артуы, өңдеу саласының дамуы, инвестиция көлемінің өсуі, жаңа өндірістік жобалардың іске қосылуы, тұрғын үй мен жол құрылысының жалғасуы – қаланың экономикалық әлеуетін күшейтетін маңызды факторлар.
Ендігі міндет – қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп қана қоймай, жоспарланған көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз ету. Әсіресе, инвестициялық жобаларды нақты іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға қажетті нысандардың сапалы салынуы қала дамуының негізгі басымдықтары болып қала бермек.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
