Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 7 жыл толуына орай «Дәстүрін дәріптеген Әз-Түркістан» өнер фестивалі мен «Түркістан» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды

Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында дәстүрлі өнерді насихаттауға арналған «Дәстүрін дәріптеген Әз-Түркістан» атты әнші, жыршы-термешілер мен күйшілердің өнер фестивалі өтті.

Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы» Заңының аясында және Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Фестивальдің басты мақсаты – Түркістан қаласының тарихи, мәдени, рухани келбетін таныту, өңірден шыққан өнер иелері мен елге еңбегі сіңген тұлғалардың шығармашылығын насихаттау, халықтар достығы мен саяси тұрақтылықты дәріптеу, сондай-ақ «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамдарының бейнесін жырға қосып, жас ұрпақты ұлттық тәрбие мен рухани мұраға баулу.

Салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы мен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы арнайы құттықтау сөз сөйлеп, Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы айтып, өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Фестивальге Қазақстанның халық әртістері мен дәстүрлі өнердің дарабоз өкілдері қатысты. Олардың қатарында дәстүрлі ән өнерінің майталмандары Рамазан Стамғазы мен Айгүл Қосанова, жыршылық өнердің өкілдері Жакен Омаров, Күнсұлу Түрікпен, Марат Сүгірбай, Аязбек Рустамов және Руслан Ахынбеков, сондай-ақ терме мен ән жанрын шебер меңгерген Оразәлі Жаңабай, Мұхамедәлі Бекпейісов, Әлімжан Серікбаев сынды өнерпаздар бар. Сонымен қатар, күй өнерінің өкілдері — дәулескер күйшілер Шыңғыс Исаев пен Жандос Кулумбетов өз өнерлерін ортаға салып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Бұл рухани шара көрермендерге терең әсер қалдырып, ұлттық өнерге деген құрметті арттырды. Түркістан төрінде өткен бұл өнер мерекесі халқымыздың мәдени мұрасын ұлықтауға арналған тағылымды әрі тағдырлы басқосу болды.

Бұдан бөлек киелі шаһар төрінде Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның «Түркістан» атты мерекелік концерті де өтті. Бұл концерт Түркістан қаласының облыс орталығына айналып, Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, құрмет көрсетті.

– Тарихи атауы тереңнен тамыр тартатын Түркістан облысы 2018 жылы дамудың жаңа белесіне көтерілді. Мыңжылдықтар тоғысындағы рухани шаһарға облыс орталығы мәртебесі беріліп, қаланың жаңа тынысы ашылды. Табиғи дарынымен қазақтың атын әлемге танытып, «Түркістан» атауын ән әлемінде қалықтатқан Роза Қуанышқызының айтулы күнді бізбен бірге қарсы алғаны – зор мәртебе. Өзіңіздей музыка тарихында есімі алтын әріптермен жазылған өнер майталмандарының жолын ұрпаққа үлгі ету – бізге артылған абыройлы міндет. Сізге облыс тұрғындарының атынан қазақ өнеріне сіңірген өлшеусіз үлесіңіз үшін шынайы алғыс білдіремін, – деді Ертай Кенжебекұлы.

«Керуен сарай» кешенінде өткен концертте алдымен Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әртістері мерекелік көңіл-күй сыйлады. Одан соң Роза Қуанышқызы «Түркістан», «Балдәурен», «Сол бір кездер», «Туған ел», «Домбыра туралы баллада», «Тойға шашу», «Ғажайып шексіздік» сынды жүрекке жылы әндерді орындап, көрермен ықыласына бөленді. Шәмші әндерін шырқады.

Концерт барысында сахна төріне Әли Оқапов пен Мади Рымбаев шығып, заманауи ырғақты және лирикалық әндермен кешті әрлей түсті. Әсіресе үш өнер иесінің «Ертеңіме сенемін» атты бірлескен орындауы кештің шарықтау шегі болды. Сондай-ақ «Бисұлтан», «Самғау», «Балауса» би ансамбльдерінің көркем хореографиясы сахналық қойылымдарға сән берді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You