Түркістан өңірінен Абай облысына керуен шықты

Түркістан облысынан 540 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген жүк көліктері Абай облысына жол тартты. Керуенде көкөніс, бақша, жеміс-жидек, балық және жергілікті қайта өңдеу өнімдері бар. Жәрмеңкеде 540 тоннадан астам көкөніс, бақша, жеміс-жидек, балық және жергілікті қайта өңдеу өнімдері жеткізіліп, 15 — 20 пайызға дейін төмендетілген бағада тұтынушыларға ұсынылады.

Атап айтқанда, картоп — 194,0 тонна, бақша — 81,0 тонна, жеміс-жидек — 71 тонна, қымыран, қаймақ, сары май, қымыз, айран, ірімшік, әсел, шырын, сусындар, шұжық, жұмыртқа, балық тағы басқа секілді 167,0 тонна өнім жеткізіледі.

Мақсат — 2-3 тамыз күндері Семей қаласында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне қатысып, жергілікті тұрғындар мен қонақтарға Түркістан өңірінің ауыл шаруашылығы тауарларын нарықтағы құнынан арзан бағада ұсыну. Іс-шара Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай қос облыстың ынтымақтастық келісіміне сәйкес және оңтүстіктен тарту ретінде ұйымдастырылып отыр.

Керуенге сәт-сапар тілеу үшін жиынға ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ермұхаммед Құралбеков, 17 аудан және қаладан жауапты өкілдер арнайы келді. Жәрмеңкеге Түркістан өңірінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері атсалысуда.

Ауқымды бастама аясында қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай екі күнге ұласатын «Түркістан облысының мәдени күндері» концерттік бағдарламасы жоспарланған. Түркістандық тауар өндірушілер мен өнерпаздар Абай облысының тұрғындары мен қонақтары Семей қаласында 2-3 тамыз күндері «Арена» көпфункционалды мәдени-спорт кешенінде асыға күтеді. Түркістан облысының мәдени күндері аясында қолөнер және қылқалам шеберлерінің көрмесі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, облыстың белгілі өнерпаздардың қатысуымен мерекелік гала-концерт ұйымдастырылады.

Іс-шара «Абай аренада» таңғы 09:00-де басталып, кешкі 19:00-ге дейін жалғасады. Келіңіздер, тарих пен руханият тоғысқан сәттің куәсі болайық!

Айта өтейік, Түркістан облысы — агроөнеркәсіптік кешен саласында еліміздегі жетекші аймақ. Республика көлемінде жалпы өнімнің 14,2%-ы — өңірдің еншісінде. Биыл қаңтар-маусым айдарында 253,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 104,7%-ды құрады. Негізгі капиталға 82,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға ұлғайып, 890 мың гектарға егілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You